Тасқын судан Түркістан қаласына келер қауіп жоқ - әкімдік
Кешке кешкісін Түркістан қаласының аумағындағы Арыс-Түркістан су арнасында да сел жүрді. Тасқын судың деңгейі көтеріліп, Түркістан қаласына қауіп төндірді.
Арна бойында орналасқан 6 көпірде мұзды бұзу және арту жұмыстары жүргізілді.
Бұл іске 22 техника мен 150-ден астам қызметкер жұмылдырылды. Еріктілер де су қаупінің бетін қайтаруға күш салды.
«Сел қала аумағына зарарсыз өтті. Түнгі 02:30-дан асқан уақытта мұз ағыны тыйылып, су деңгейі қалыпты жағдайға түсті» делінген Түркістан қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі таратқан ақпаратта.
Еске сала кетейік, 2 ақпанда Кентау, Түркістан қалаларында және Бәйдібек, Сауран, Ордабасы аудандарында жауын-шашыннан көшелер мен аулаларды су басып жатқанын хабарлаған едік.
Тасқын су Сауран ауданындағы елді мекендерге қауіп төндіріп тұр. Су тасқынына байланысты Сауранда мектеп оқушылары онлайн оқуға көшті және 7 балабақша жұмысын тоқтатты.
Түркістан облысының үш ауданында 6 көшені су басқан.
Өңірде көлігімен тасқын су ортасында қалып қойған тұрғындар құтқарылды. Түркістан облысының әкімі тасқын су кірген елді мекен тұрғындарымен кездесті.
Біз сондай-ақ Кентау қаласы мен Сауран ауданында төтенше жағдай жариялануы мүмкін екенін жаздық.
4 елді мекенде су бұру жұмыстары жүргізіліп жатыр, тұрғындар үшін «жедел желі» іске қосылды.
Қазгидромет синоптиктері Түркістан облысында бүгін де жауын жауып, өзендерде су деңгейі көтерілетінін ескертті.