Түркиядағы зілзала құрбандарының саны 30 мыңға жуықтады

AFAD мәліметтері бойынша эпиорталығы Кахраманмараштағы Пазарджик және Эльбистан аудандарында болған екі жер сілкінісінен кейін 2 412 афтершок тіркелген.
Жойқын зілзала құрбандарының саны Түркия уақытымен сағат 15:55-те 29 605 адамға жетті.
Еске салсақ, 6 ақпанда Түркияда жеті балдан асатын екі жер сілкінісі болды. Жүздеген афтершокпен жалғасқан жерасты дүмпуі елдің 10 провинциясында, сондай-ақ көршілес мемлекеттерде де сезілді. Соның бірі – Сирия, ондағы құрбандар саны 3 574-ке жетті.
Айта кетсек, Қазақстан Төтенше жағдайлар министрлігінің құтқарушылары да Түркияда іздестіру-құтқару жұмыстарын жүргізіп жатыр. Олар 7 адамды құтқарып, медицина қызметкерлеріне тапсырды. Қайтыс болған 19 адамның, оның ішінде бір баланың денесі үйінді астынан шығарылды.
Қазақстандық құтқарушылар командасының құрамындағы ТЖМ Республикалық жедел-құтқару жасағының бас құтқарушысы Біржан Байқұлов бүгін қызды болды.
Өкінішке қарай, жер сілкінісі құрбандарының арасында қазақстандықтар да бар. ҚР СІМ баспасөз қызметі таратқан мәліметке сай, 7 ақпанда министрліктің жедел желісіне 4 дос жер сілкінісінен кейін байланысқа шықпай қалғаны туралы қоңырау түскен. Солардың бірі – Сабина Мамадьярова аман табылып, қолына ота жасалды. Ал, Мирболат (Мирус) Құрмашев пен Әділ Қадырбековтің денелері табылған еді, марқұмдардың мәйіттері елге жеткізілді. Мирболат Құрмашевті бүгін Алматыда туған-туыстары мен достары ақтық сапарға шығарып салды.
Қырғызстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінің баспасөз қызметі Түркияда болған жер сілкінісінен қырғыз азаматы қаза тапқанын мәлімдеді.
Сондай-ақ, Түркияның кейбір аудандарында құтқарушылар іздестіру жұмысын тоқтатуға мәжбүр екені хабарланды.