Қазақстанда апта ішінде болған кадрлық тағайындаулар

АСТАНА. KAZINFORM – Ақпанның алғашқы аптасында еліміздің ішкі істер органдарында және түрлі мемлекеттік құрылымдарында кадрлық ауыс-түйістер болды.

Фото: freepik.com

Атырау облыстық полиция департаменті бастығының жаңа орынбасары тағайындалды. Енді бұл лауазымды полиция полковнигі Ерлан Биғамбаев атқарады.

Ерлан Валерийұлы Атырау қаласында дүниеге келген. Ішкі істер органдарындағы еңбек жолын 2002 жылы бастаған. Атырау қалалық полиция басқармасында басшылық лауазымды атқарған. Кейін департаментке қарасты жергілікті полиция қызметі басқармасының бастығы болып тағайындалған.

Қазір облыстық полиция департаментін полиция генерал-майоры Нұрхат Оразбаев басқарады. Оның 6 орынбасары бар.

Батыс Қазақстан облысы полиция департаменті бастығының орынбасары лауазымына Ернар Сұлтанғалиев тағайындалды.

БҚО полиция департаментінің баспасөз қызметінен мәлім еткеніндей, жаңа лауазымына дейін Ернар Сұлтанғалиев осы департаментте жергілікті полиция қызметі басқармасының бастығы болған.

Ернар Сұлтанғалиев ішкі істер органдарында 1997 жылдан бастап қызмет етіп келеді. Осы салада бірнеше басшылық қызметті атқарды.

Түркістан облысы Полиция департаменті бастығының тергеу жөніндегі орынбасары болып полиция полковнигі Бауыржан Батырбекұлы Зиятаев тағайындалды.

Түркістан облысы Полиция департаментінің бастығы, полиция генерал-майоры Мұрат Қабденов жеке құрамға жаңа орынбасарды таныстырып, қызметіне сәттілік тіледі.

Бауыржан Зиятаев Ішкі істер органдарында 1994 жылдан бері қызмет атқарып келеді. Қ.Яссауи атындағы ХҚТУ-дің түлегі. Мамандығы - заңгер. Жедел-тергеу бөлімдерінде мол тәжірибе жинақтаған. Бұған дейін Түркістан облысы полиция департаментінің тергеу басқармасы бастығының орынбасары, анықтау басқармасының бастығы, Сайрам және Төлеби аудандарында полиция бөлімінің басшысы қызметтерін атқарған.

Бауыржан Зиятаев ҚР ІІМ-нің медальдарымен, грамоталарымен марапатталған.

Ал ШҚО Полиция департаменті бастығының бірінші орынбасары лауазымына полиция полковнигі Төкенов Алмаз Тілегенұлы тағайындалды.

Ол құқық қорғау органдарындағы қызметін 1999 жылы Петропавл қаласы ІІБ қылмыстық іздестіру бөлімшесінің жедел уәкілі ретінде бастаған. Кейінгі жылдары Ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес бөлімшелерінде, ІІМ орталық аппаратында басшылық лауазымдарды атқарып, жеке тұлғаға қарсы қылмыстарды ашу саласында маманданған.

Қылмыстық іздестіру бөлімшелерін басқару және жедел іздестіру жұмыстарын жүргізу бойынша мол тәжірибесі бар. 2022 жылдың қыркүйек айынан бастап ШҚО ПД бастығының орынбасары қызметін атқарған.

Асылжан Оспанұлы Қалдарбеков Шымкент қаласы полиция департаменті бастығының орынбасары қызметіне тағайындалды.

Асылжан Қалдарбеков ішкі істер органдарында 2002 жылдан бері қызмет етіп келеді. 2002-2014 жылдар аралығында тергеу саласында, соның ішінде Алматы қаласы ІІД-де түрлі басшылық лауазымдарда жұмыс істеді.

2014-2019 жылдары Астана қаласы ПД Алматы АПБ-ның тергеу басқармасы бастығының орынбасары және Анықтау басқармасының бастығы қызметтерін атқарды.

Кейінгі уақытта Түркістан облысы Полиция департаменті бастығының орынбасары лауазымында болды.

Алматы облысы әкімінің өкімімен Асқар Тойшыбеков облыстық жұмылдыру даярлығы, аумақтық және азаматтық қорғаныс басқармасының басшысы лауазымына тағайындалды.

Асқар Тойшыбеков 1975 жылы туған. Білімі — жоғары. 1999 жылы ҚР Ішкі істер министрлігінің Алматы техникалық институтын «өрт қауіпсіздігі» мамандығы бойынша бітірген.

Еңбек жолын 1995 жылы Алматы облысы Ішкі істер басқармасының мемлекеттік өртке қарсы қызметі Текелі қалысының мемлекеттік өрт қадағалау бөлімінің инженері қызметінен бастаған. Әр жылдары Алматы облысында өрт сөндіру және авариялық-құтқару қызметінде, сондай-ақ төтенше жағдайлар департаментінде әр түрлі лауазымды атқарған. 2020 жылдан 2024 жылға дейін Алматы облысы Төтенше жағдайлар департаментінің басшысы болды.

Өскемен қаласы әкімінің орынбасары болып Абзал Мәулетханов тағайындалды.

Абзал Асқарұлы Өскемен қаласындағы С.Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университетінде және Alikhan Bokeikhan University-де білім алған.

Мемлекеттік қызметтегі еңбек өтілі – 8 жыл. Әр жылдары Зайсан, Алтай, Үржар, Глубокое аудандарында қызмет еткен. Өскемен қаласының қаржы бөлімін басқарған.

Соңғы жұмыс орны – Өскемен қаласының тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы.

Ұлытау облысы Ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасының басшысы болып Алмат Саухимов тағайындалды.

Алмат Саухимов 1985 жылы дүниеге келген. Орталық-Азия университетін «Қаржы», Байқоңыров атындағы Жезқазған университетін «Құқықтану» және Шымкент университетін «Экономика» мамандығы бойынша бітірген. Еңбек жолын Сәтбаев қаласындағы «Сәт Сәулет» ЖШС-нің абаттандыру шебері, директор орынбасарының міндетін атқарушы болып бастаған.

Ол 2007-2022 жылдар аралығында салық және мемлекеттік кірістер жүйесінде жұмыс атқарды. Оның ішінде Жезқазған қаласы бойынша салық басқармасының бас маманы, Қарағанды облысының Салық департаментінде басқарма басшысы, Жезқазған қаласы бойынша Мемлекеттік кірістер департаменті басшысының орынбасары болып қызмет етті. 2022-2023 жылдары Жезқазған қаласы Кеңгір селосының әкімі болды. 2023 жылдан бастап бүгінгі күнге дейін Сәтбаев қаласы әкімінің орынбасары болып жұмыс істеп келді.

Сонымен бірге, Футболдан Қазақстан құрамасының баспасөз хатшысы қызметіне Ермұхамед Мәулен тағайындалды.

Ермұхамед Мәулен ҚФФ-да ұзақ жылдан бері жұмыс істеп келеді. Танымал спорт комментаторы 2014 жылы Бразилияда өткен мундиальда қазақ телевизиясы тарихында алғаш рет оқиға орнынан трансляция жүргізді. 2017-2018 жылдары «Егемен Қазақстан» газетінің спорт бөлімінің меңгерушісі, ал 2019 жылы «Хабар» агенттігінің спорт бөлімінің продюсері болды. 2020 жылы «Qazsport» телеарнасында арнайы жобалар редакторы қызметін атқарған. 2021 жылы Қазақстан футбол федерациясының баспасөз қызметін басқарды. 2022-2024 жылдары ҚФФ президенті кеңесшісі қызметіне тағайындалды.

Ал Бейжің Олимпиадасының қола жүлдегері Арман Чилманов Атыраудағы олимпиада резервін дайындау орталығының директоры болып тағайындалды.

Арман Константинұлы 1984 жылы дүниеге келген. Екі жоғары білімі бар.Таеквондодан 2004 жылы Иранда, 2005 жылы Германияда өткен халықаралық турнирдің жеңімпазы атанған. Ал 2007 және 2009 жылдары әлем чемпионатында қола жүлдегері болған.

Ел намысын Азия чемпионатында да сәтті қорғаған. Мәселен, 2006 жылы Азия чемпионы атанса, 2002, 2008 жылдары Азия чемпионатының қола жүлдесін 2010, 2012 жылдары күміс жүлдесін иеленген. 2008 жылы Бейжіңде өткен Олимпиада ойындарында қола медальға ие болған. Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген спорт шебері атағын алған. «Құрмет» орденімен марапатталған.

2003 жылдан бері спорт нұсқаушысы, таеквондодан Қазақстан Республикасының мемлекеттік жаттықтырушысы, Атырау аймақтық спортты дамыту орталығы директорының орынбасары болған Осы кезге дейін Қазақстан таеквондо федерациясының вице-президенті қызметін атқарған.