LIVE: Конституциялық реформа жөніндегі комиссияның төртінші отырысы
АСТАНА. KAZINFORM — Конституциялық реформа жөніндегі комиссияның төртінші отырысы өтіп жатыр. Тікелей эфир сағат 16:00–де басталды.
Kazinform агенттігінің қазақ және орыс тіліндегі Telegram арнасында мәтін трансляциясы болады.
Өткен аптада Конституциялық комиссияның алғашқы отырысы өтіп, бір палаталы «Құрылтайдың» функциясы мен құрамы, вице-президент лауазымының мемлекеттік биліктегі орны, заң шығару бастамасын көтеруге хақылы «Халық кеңесінің» құзыреті қандай болатыны айтылған еді.
Айта кету керек, бұл өзгерістердің бәрі Конституциялық реформа аясында іске асады деп жоспарланған. Қазіргі Мәжіліс пен Сенаттың орнына жасақталатын бір палаталы Құрылтай заң жобаларын үш оқылымда қарайтыны да Ата заңда норма болып енбек. Жаңа Парламентті жасақтауда «президенттік квота» деген болмайды.
Алғашқы отырыста Әділет министрі Ерлан Сәрсембаев Конституцияға Алатау қаласы сияқты ел дамуына айрықша орны айқындалған жекелеген аумақтарға арнайы мәртебе беру мүмкіндігін енгізуді ұсынды.
Ал «Қазақ газеттері» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің бас директоры, Конституциялық комиссия мүшесі Диқан Қамзабекұлы білім жүйесін діни фанатизмнен қорғайтын норма енгізуді ұсынды.
Сонымен қатар Қазақстан заңгерлері одағының төрағасы Серік Ақылбай Ата заңға діннің мемлекеттен бөлектігін тікелей нормамен айқындай түсу қажеттігін айтты.
Республикалық адвокаттар алқасының төрағасы Мәди Мырзағараев Қазақстан аумағында сот санкциясынсыз ұстау мерзімін 72 сағаттан 48 сағатқа дейін қысқарту туралы ұсыныс жасады.
Ал 26 қаңтар күні екінші отырыс болды. Онда Құрылтай депутаттары министрлерді лауазымынан босататын норма енгізу ұсынылды.
Сондай-ақ Әділет министрі Ерлан Сәрсембаев Конституцияда Президентке Құрылтайдың келісімімен, оның депутаттарының жалпы санынан көпшіліктің дауысымен Қазақстан Республикасының вице-президентін, Қазақстан Республикасының Премьер-министрін, Конституциялық соттың 10 судьясын, Орталық сайлау комиссиясының 6 мүшесін, Жоғары аудиторлық палатаның 8 мүшесін тағайындау құқықы берілетінін айтты.
Құрылтай депутаты қандай жағдайда мандатынан айырылатыны да белгілі болды. Одан бөлек вице-президентке қандай қызмет жүктелетіні де айқындалды.
Сол күні түстен кейін Конституциялық комиссияның үшінші отырысы да өтті. Онда Құрылтай депутаттарының өкілеттіктері 1,5 есеге артатыны айтылды. Сондай-ақ Үнзила Шапақ Конституцияның преамбуласына қандай өзгерістер енетінін айтты.
Жалпы Конституциялық комиссия отырысында партиялар қандай ұсыныс айтқанын мына сілтеме арқылы оқуға болады.