Алматы облысының өңірлік коммуникациялар қызметіндегі баспасөз мәслихатында тілшілер Талғар қаласындағы жанжал 20 минутқа созылғанын және осы уақыт аралығында полицейлер қайда болғаны жайында сұрақ қойды.
«Төбелес кезінде полицияны ешкім шақырмады ма? Неліктен құқық қорғау органдарының қызметкерлері сол уақытта болмаған?», - деп сұрады тілші.
Өз кезегінде Б. Әленов сол күні қылмыс жасалғаннан кейін ғана полицияға хабар келіп түскенін айтты.
«Полицияға телефон шалғаннан кейін, қызметкерлер бірден оқиға орнына аттанды, яғни 8 минуттан кейін жетті. Атап айтқанда, көшедегі жанжалға қатысты толық тексеру жасап, оның қорытындысы бойынша тиісті бағасын береміз. Оның ішінде полицияның жұмысына да тоқталамыз», - деді Ішкі істер министрінің бірінші орынбасары.
Еске салайық,4 қазанда Талғар қаласындағы төбелестен бір адам қайтыс болғанын жазғанбыз.
Ашулы талғарлықтар жасөспірім өліміне байланысты наразылыққа шықты.
Алматы облысының Прокуратурасы кісі өлтіру туралы бұл іс ерекше бақылауға алынғанын ресми түрде хабарлады.
Ішкі істер министрі Ержан Сәденов Алматы облысы Талғар ауданындағы жасөспірімнің өліміне қатысты істі жеке бақылауына алды.
Сондай-ақ, құқық қорғаушы Айтбек Амангелді қаза тапқан жасөспірімнің отбасына адвокаттар тауып берді.
Алматы облыстық полиция департаменті бастығының міндетін атқарушы Серік Шалқаров бейнебақылау камераларынан алынған жазбалар зерттеліп жатқанын жеткізді.
12 қазан күні түнде қара жамылған отбасының үйі өртеніп кетті. Алматы облысының Полиция департаменті бөтеннің мүлкін қасақана жою фактісі бойынша іс қозғады.
Сондай-ақ, Бас прокуратура қылмысты ашу үшін ведомствоаралық жедел-тергеу тобы құрылғанын мәлімдеді.
Ішкі істер министрінің бірінші орынбасары Бауыржан Аленов марқұм Шерзат Болаттың үйін өртеу оқиғасын тергеу тобымен Талғарға барды.
Кейін Ішкі істер министрінің бірінші орынбасары Бауыржан Аленов өрт қылмысы бойынша айғақтар алынып, тиісті сараптамалар жүргізіліп жатқанын хабарлады.
Қоғамдық тәртіпті қадағалау үшін Ұлттық ұлан әскері жұмылдырылды.