12 адамның қазасы: Прокурор істі қысқартуды сұрады

АҚТӨБЕ. KAZINFORM - Айыпталушы әрі жүк көлігінің жүргізушісі қаза тапты. Прокурор мен жәбірленушінің бір бөлігі істі қысқартуды сұрады.

сот
Фото: Алтынай Сағындықова/Kazinform

Іс Ақтөбе облыстық қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында қаралып жатыр. Бүгін прокурор айыптау қорытындысын оқыды.

Қылмыстық іс материалына сүйенсек, марқұм айыпталушы Самара-Шымкент тасжолында жылдамдықты асырған әрі қарсы жолаққа шыққан. Салдарынан 12 адам қаза тапты, 6 жолдаушы жарақаттанып, ем алып жатыр.

- Хромтау жағынан Қарабұтақ ауылына қарай бағытталып келе жатып, көлік жылдамдығын белгіленген шектеуден сағатына 110 км дейін асырады. Қарсы жүруге арналған жолға шыға отырып, жолаушылар тасымалдайтын автокөлікпен соқтығысты. Нәтижесінде жүк көлігінің жүргізушісі, жолаушылар тасымалдайтын көлік жүргізушісі мен 10 жолаушы көз жұмды. Қайтыс болған жүргізуші ҚР Қылмыстық кодексінің 345-бабы 4-бөлігінде көзделген қылмыстық құқықбұзушылық жасады, - деді прокурор.

Сот отырысы кезінде айыпталушының өкілі жүргізушінің қайтыс болғанын айтып, істі қысқартуды сұрады. Ал жәбірленушілердің бір тобы шығынды азаматтық іс бойынша өндіретінін айтты.

- Мен аман қалған жолаушының жұбайымын. Қазір жолдасым ауруханада жатыр. Жағдайы өте ауыр. Сөйлемейді, жүре алмайды. Бес баламыздың екеуі студент. Жағдайымыздың не боларын білмеймін. Ем алуымыз керек. Ақтөбе қаласынан үй алып берсе дейміз, - деді жәбірленуші.

Сонымен бірге сотқа аман қалған жолаушының өзі де келіп, тасымалдаушы компанияның қателіктерін айтты.

- Автобус деген еш белгі жоқ. Жол бойы көліктерді басып озып келді. Әйтеке биден сағат 07:00-де шығып, 07:45-те Қарабұтақ ауылына келдік. Тағы 25 минут жүріп, апатқа түстік. Жылдамдығы сағатына 110 км болды. Келешекте тәртіп бола ма? Тексеру керек қой. Бұл – біздің пікіріміз, - деді жәбірленуші.

Еске салсақ, қазан айында Ақтөбеде екі көлік соқтығысып, 12 адам қаза тапты. Оқиға Әйтеке би ауданы Белқопа ауылы маңында болды. Жүк көлігі мен жолаушылар тасымалдайтын ГАЗель соқтығысты. Аман қалған жолаушылардың үшеуі ауыр жағдайда екені айтылды. 

Жол-көлік оқиғасынан соң Самара-Шымкент тасжолының бір бөлігі жабылды. 

ІІМ Ақтөбе облысындағы жол-көлік оқиғасын тергеу үшін арнайы топ жіберді. 

Ақтөбеде жол-көлік апатына кімнің кінәлі екені нақтыланды. 

Премьер-министр Олжас Бектеновтің тапсырмасымен Ақтөбе облысы Әйтеке би ауданы Белқопа ауылының шетінде болған жол-көлік оқиғасының себебін тергеу жөнінде үкіметтік комиссия құрылғаны анықталды. 

Соңғы жаңалықтар