Апта ішінде болған кадрлық тағайындаулар
АСТАНА. KAZINFORM — Өтіп бара жатқан аптада ішінде Президент әкімшілігінде кадрлық ауыс-түйіс болып, жергілікті және орталық атқарушы органдарда да жаңа тағайындаулар болды.
Атап айтқанда, Мемлекет басшысының өкімімен Азамат Бақытжанұлы Кескінбаев Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің Көлік-логистика саласын дамыту бөлімінің меңгерушісі лауазымына тағайындалды.
Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулысымен Ростислав Коняшкин жасанды интеллект және цифрлық даму бірінші вице-министрі болып тағайындалды.
1989 жылы Тараз қаласында дүниеге келген. М. В. Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетін, Л. Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетін бітірген. Еңбек жолын 2011 жылы жеке кәсіпорында консультант болып бастаған.
2011-2012 жылдары — «KazTransCom» ERP-Service» ЖШС «Интергаз Орталық Азия» АҚ және «Қазтрансгаз» АҚ кәсіпорындары жобасының консультанты. 2012-2014 жылдары — «Astana Innovations» АҚ-да түрлі қызметтер атқарды.
2014-2015 жылдары — «Ақпараттық талдау орталығы» АҚ Электронды оқытуды дамыту орталығының бас менеджері, жобалық менеджері. 2016 жылы — «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» КЕАҚ Мемлекеттік қызмет көрсетудің әдіснама департаментінің бас маманы.
2016-2017 жылдары — «Өрлеу» инновациялық технологиялар орталығы» ЖШС жобалар бойынша менеджері. 2017-2019 жылдары — «Транстелеком» АҚ орталық аппаратының «Жобалық менеджерлер, АТ кеңсесі» бағыты бойынша жобалық менеджері. 2019-2020 жылдары — «Tengri Lab» ЖШС жобалық кеңсесінің басшысы.
2020-2021 жылдары — ҚР ЦДИАӨМ Мемлекеттік көрсетілетін қызметтер комитеті төрағасының орынбасары. 2021-2024 жылдары — «Ұлттық aқпараттық технологиялар» АҚ басқарма төрағасы. 2024-2025 жылдары — ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібінің вице-министрі. 2025 жылдың қазан айынан бастап қазіргі уақытқа дейін ҚР жасанды интеллект және цифрлық даму вице-министрі болып жұмыс істеді.
Төтенше жағдайлар министрінің бұйрығымен Түркістан облысы Төтенше жағдайлар департаментінің бастығы болып Бағдат Чайзада тағайындалды.
Азаматтық қорғау полковнигі Бағдат Темірболатұлы Чайзада 1987 жылы 16 қыркүйекте Алматы қаласында дүниеге келген, ұлты қазақ. 2009 жылы Төтенше жағдайлар министрлігінің Көкшетау техникалық институтын бітірген. Мамандығы — «өртқауіпсіздігі инженері».
Азаматтық қорғау органдарында 2005 жылғы тамыздан бастап жұмыс атқарады. 2009 жылдың шілде айынан бастап — Алматы қаласы Төтенше жағдайлар департаменті «Өртсөндіру және авариялық-құтқару жұмыстары қызметі» ММ № 11 мамандандырылған өртсөндіру бөлімінің аға инженері, ауысым басшысы.
2010 жылдың тамыз айынан бастап — Алматы қаласы Төтенше жағдайлар департаментінің «Өртсөндіру және авариялық-құтқару жұмыстары қызметі» ММ № 6 өрт сөндіру бөлімі бастығының орынбасары. 2013 жылдың ақпан айынан бастап — Алматы қаласы Төтенше жағдайлар департаментінің «Өртсөндіру және авариялық-құтқару жұмыстары қызметі» ММ № 4 өрт сөндіру бөлімінің бастығы.
2015 жылдың ақпан айынан бастап — Алматы қаласы Төтенше жағдайлар департаментінің «Өрт сөндіру және авариялық-құтқару жұмыстары қызметі» ММ бастығының орынбасары. 2019 жылдың сәуір айынан бастап — Алматы қаласы Төтенше жағдайлар департаменті «Өрт сөндіру және авариялық-құтқару жұмыстары қызметі» ММ күштері мен құралдарын жедел басқару орталығының бастығы.
2021 жылдың қаңтар айынан бастап — Төтенше жағдайлар министрлігі Алматы қаласы Төтенше жағдайлар департаменті Дағдарыс жағдайлары басқармасының бастығы. 2023 жылы қыркүйек айынан бастап — Алматы қаласы Төтенше жағдайлар департаменті бастығының орынбасары. 2025 жылы 23 желтоқсан айынан бастап — Түркістан облысы Төтенше жағдайлар департамент бастығы.
Ермек Ербатырұлы Кучуков Павлодар облысы денсаулық сақтау басқармасын басқарады.
Ермек Ербатырұлы 1974 жылы Ресей Федерациясының Алтай өлкесінде дүниеге келген. Жоғары білімді. 1998 жылы Семей мемлекеттік медицина академиясын «Емдеу ісі» мамандығы бойынша, 2000 жылы «Акушерлік және гинекология» мамандығы бойынша клиникалық ординатураны тәмамдаған.
2017 жылы Инновациялық Еуразия университетінің «Менеджмент» мамандығы бойынша магистратурасын тәмамдаған. Еңбек жолын 1991 жылы Павлодар облысының Жамбыл ауылында электромонтер болып бастаған.
2000-2009 жылдары Павлодар облыстық онкологиялық диспансерінде дәрігер-онколог болып жұмыс істеді. 2009-2015 жылдары «Көліктегі медициналық қызмет көрсету» АҚ-ның «Павлодар станциясының теміржол ауруханасы» гинекология бөлімшесінің меңгерушісі қызметін атқарды.
2015-2018 жылдары Павлодар қалалық № 1 ауруханасының бас дәрігерінің орынбасары болды. 2018 жылдан осы лауазымға тағайындалғанға дейін «Павлодар теміржол ауруханасы» ЖШС-нің директоры қызметін атқарды.
Абай облысы Көкпекті ауданының әкімі сайлауында Нұрбек Тұрсынқанұлы жеңіске жетті. Ол сайлаушылардың 68,5%-ының дауысын иеленген.
Нұрбек Тұрсынқанұлы 1979 жылы 5 маусымда Көкпекті ауданы Көкпекті ауылында дүниеге келген. Семей қаласындағы М.О. Әуезов атындағы педагогикалық колледждің «Бастауыш сынып және ұлттық мектепте орыс тілі пәні мұғалімі», М.О. Әуезов атындағы Семей университетін «Қазақ тілі және әдебиет мұғалімі», Қазақ инновациялық гуманитарлық-заң университетін «Құқықтану», Семей қаласының Шәкәрім атындағы университетін «Құрылыс материалдарын, бұйымдарын және құрастырылымдарын өндіру» мамандықтары бойынша бітірген.
Еңбек жолын Семей қаласының № 33 орта мектебінің бастауыш сыныптарындағы орыс тілі пәнінің мұғалімі болып бастаған. 2002-2008 жылдары Семей қаласының № 17 орта мектебінде қазақ тілі және әдебиеті пәнінің мұғалімі, тәрбие жұмысы бойынша директордың орынбасары. 2008-2009 жылдары Семей қаласының № 36 орта мектебінде қазақ тілі және әдебиеті пәнінің мұғалімі, оқу-тәрбие жұмысы бойынша директордың орынбасары. 2009-2010 жылдары Ақмола облысының Жақсы ауданының Жақсы ауылының № 2 Жақсы орта мектебінің директоры.
2010-2012 жылдары Семей қаласының білім бөлімінің бас маманы. 2012-2013 жылдары Бесқарағай ауданы әкім аппаратының ұйымдастыру-кадр және мемлекеттік-құқық жұмысы бөлімінің басшысы. 2013 жылдың ақпан-қыркүйек айларында Семей қаласы әкім аппаратының ұйымдастыру-кадр жұмысы және марапаттау бөлімінің бас маманы. 2013-2014 жылдары Семей қаласы әкім аппаратының персоналды басқару бөлімінің басшысы.
2014-2015 жылдары Семей қаласы әкім аппаратының ұйымдастыру-инспекторлық жұмыс бөлімінің басшысы. 2015-2019 жылдары Курчатов қаласы әкім аппаратының басшысы. 2019-2024 жылдары Курчатов қаласы әкімінің орынбасары. 2024 жылдың желтоқсан айынан осы уақытқа дейін Бесқарағай ауданының әкімі лауазымын атқарған.
ҚР СЖРА Ұлттық статистика бюросының Қостанай облысы бойынша департаментінің басшысы болып Ольга Шахматова тағайындалды.
Бұған дейін ол Қостанай облысы Статистика департаментінің Ауыл шаруашылығы статистикасы басқармасының басшысы қызметін атқарған.
Ольга Николаевна Қостанай ауыл шаруашылығы институтын «Экономика және менеджмент» мамандығы бойынша тәмамдаған. Еңбек жолын 1997 жылы Қостанай облыстық статистика басқармасының экономисі қызметінен бастаған. 1999-2004 жж. Қостанай облысының Ақпараттық статистика орталығында маман, жетекші маман, өнеркәсіп өндірісі статистикасын ақпараттық қамтамасыз ету бөлімінің бастығы болып жұмыс істеді.
2005-2008 жж. Қостанай облысы бойынша статистика департаментінің экономиканың индустрия секторы статистикасы, өндіріс статистикасы, сондай-ақ кәсіпорындардың қаржысы, құрылыс және инвестициялар бөлімінің бастығы қызметін атқарған. 2008-2025 жылдар аралығында Қостанай облысы Статистика департаменті басшысының орынбасары лауазымында болды.
2025 жылдан бастап қазіргі уақытқа дейін Қостанай облысы бойынша Департаменттің Ауыл шаруашылығы статистикасы басқармасының басшысы қызметін атқарды. 2017-2024 жылдары Әдеп жөніндегі уәкіл болды. Қазақстан Республикасының Ұлттық халық санағын, сондай-ақ ауыл шаруашылығы санағын жүргізуге белсенді қатысты. «Статистика үздігі» және «Бірінші ұлттық ауыл шаруашылығы санағы» төсбелгілерімен марапатталған.
2025 жылғы Президенттік жастар кадр резервінің мүшесі Алмаз Кеңесбай Алматы қаласы Бостандық ауданы әкімінің орынбасары қызметіне тағайындалды.
Ол Алматы энергетика және байланыс университетінің «Электр энергетикасы» мамандығын, Қазақ ұлттық аграрлық университетінің «Құқықтану» мамандығын тәмамдаған.
Еңбек жолын 2017 жылы Алматы қаласы Алатау ауданы әкімінің аппараты Коммуналдық шаруашылық бөлімінің бас маманы қызметінен бастады.
2023 жылдан бастап Алматы қаласы Алатау ауданы әкімі аппараты Инженерлік және жол инфрақұрылымы бөлімінің басшысы болды. Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясында «Өңірлік даму» мамандығы бойынша магистр дәрежесін алған.
2024 жылдан бастап Мемлекеттік басқару академиясының Алматы облысы бойынша филиалында аға оқытушы, сондай-ақ Алматы қаласы Жастар саясаты басқармасы басшысының орынбасары қызметтерін атқарды.
Президенттік жастар кадр резервінің мүшесін жауапты басшылық лауазымға тағайындау мемлекеттік басқару жүйесінде меритократия қағидатын жүйелі түрде іске асырудың және жас басқарушылар әлеуетін тиімді пайдаланудың айқын көрінісі саналады.
Мақсат Мұқаш Жаңаөзен қаласы әкімінің орынбасары қызметіне кірісті.
Мақсат Асқарұлы 1991 жылы Маңғыстау облысы, Жаңаөзен қаласында дүниеге келген. Білімі — жоғары. Л. Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетін «Дене шынықтыру және спорт», М. С. Нәрікбаев атындағы ҚАЗГЗУ университетін «Құқықтану», Esil University мекемесін «Мемлекеттік және жергілікті басқару» мамандықтары бойынша тәмамдаған.
Еңбек жолын 2013 жылы білім және спорт саласында бастаған. Әр жылдары балалар мен жасөспірімдер спорт мектептерінде басшылық қызметтер атқарды. 2019–2023 жылдары Жаңаөзен қаласындағы № 1 балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің директоры болды. Жаңаөзен қалалық мәслихатының VІІ шақырылым депутаты (2021 — 2023 жж.)
2023 ж. маусым–қазан — Маңғыстау облысы әкімінің көмекшісі қызметін атқарды. 2023 жылғы қазан айынан бастап Маңғыстау облысының дене шынықтыру және спорт басқармасын басқарды. 2025 жылғы 22 желтоқсан күні Жаңаөзен қаласы әкімінің орынбасары болып тағайындалды.
Бекен Канелұлы Сейдахметов «Нұрсұлтан Назарбаев» халықаралық әуежайы» акционерлік қоғамының басқарма төрағасы қызметіне тағайындалды.
Бекен Канелұлының азаматтық авиация саласы бойынша бейінді жоғары білімі бар — Рига азаматтық авиация инженерлері институтын тәмамдаған. Ол азаматтық авиация және көлік инфрақұрылымы саласында мол басқарушылық тәжірибеге ие.
Әр жылдары бірқатар басшылық қызметтерді атқарды, оның ішінде «Астана халықаралық әуежайы» РМК экономика және қаржы жөніндегі бас директордың орынбасары, «Астана халықаралық әуежайы» ЖАҚ бірінші вице-президенті, сондай-ақ «Самұрық» мемлекеттік активтерді басқару жөніндегі қазақстандық холдинг» АҚ көлік активтерін басқару тобының бас сарапшысы қызметтерін атқарды.
2011–2017 жылдары Азаматтық авиация комитетін басқарып, саланы дамыту және реттеу мәселелеріне жетекшілік етті. Аталған қызметке тағайындалғанға дейін Азаматтық авиация академиясының ректоры қызметінде болды.