Апта ішінде елімізде болған кадрлық тағайындаулар

Ақорда
Фото: Мухтор Холдорбеков /Kazinform

Өтіп бара жатқан апта ішінде орталық және жергілікті мемлекеттік органдарда бірқатар кадрлық ауыс-түйіс болды, сондай-ақ үш мемлекеттегі елшілер тағайындалды, деп хабарлайды Kazinform.

***

Сержан Оралбайұлы Әбдікәрімов Қазақстан Республикасының Индонезия Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі лауазымына тағайындалды.

С. Әбдікәрімов 1976 жылы 11 мамырда Қарағанды қаласында туған. Абай атындағы Алматы мемлекеттік университетін және Ресей СІМ Дипломатиялық академиясын бітірген.

Ол 2019 жылғы қыркүйектен 2023 жылғы сәуірге дейін Қазақстанның Әзербайжандағы Елшісі болды.

***

Тимур Пірімбетов Қазақстан Республикасының Мексика Құрама Штаттарындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі болып тағайындалды.

Тимур Владимирович Пірімбетов 1973 жылы 17 қыркүйекте Алматы қаласында дүниеге келген. Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетін бітірген. Дипломатиялық қызметін 1997 жылы Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінің Еуропа және Америка департаментінде референт қызметінен бастап, содан кейін атташе және үшінші хатшы қызметтерін атқарды.

2019 жылдың қараша айынан бастап Қазақстанның Мексикадағы Елшісі болып тағайындалғанға дейін Қазақстанның Латвиядағы Елшісі қызметін атқарды.

***

Дәурен Кәріпов Қазақстан Республикасының Латвия Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі лауазымына тағайындалды.

Даурен Айтбайұлы Кәріпов 1969 жылы 2 шілдеде Талдықорған облысында дүниеге келген. Абылай хан атындағы Қазақ мемлекеттік әлем тілдері университетін бітірген.

Еңбек жолын 1994 жылы ҚР Көлік және коммуникация министрлігінің маманы ретінде бастаған. Кейін 1996 жылы Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінің Бас консулдық басқармасының референті болды. 1996-1998 жылдары ҚР СІМ Консулдық қызмет департаментінің атташесі, үшінші хатшысы болды. 1998-2001 жылдары ҚР Германиядағы Елшілігінің үшінші хатшысы, ал 2001-2003 жылдары ҚР СІМ Консулдық қызмет департаментінің екінші хатшысы болды.

2022 жылдың маусымнан бастап Қазақстанның Латвиядағы Елшісі ретінде тағайындалғанға дейін ҚР СІМ Сыртқы саяси талдау және стратегиялық жоспарлау департаментінің директоры болды.

***

Вадим Басин «АрселлорМитал Теміртау» АҚ Көмір департаментінің бас директоры міндетін атқарушы болып тағайындалады.

Айта кетейік, Вадим Басин 2022 жылғы 12 қазанда Қарағанды облысы әкімінің бірінші орынбасары қызметіне бекітілген еді.

***

Үкіметтің қаулысымен Болат Қабыкенұлы Бекнияз Қазақстан Республикасының Су ресурстары және ирригация бірінші вице-министрі қызметіне тағайындалды.

Болат Бекнияз 1962 жылы Ақмола облысында дүниеге келген.

В.И. Ленин атындағы Қазақ политехникалық институтын, ҚР Президенті жанындағы Мемлекеттік қызмет академиясын, В.О. Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетін, М. Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетін тәмамдаған. Еңбек жолын 1984 жылы ҚазССР ғылым академиясының Еңбек қызыл Ту ордені Қ.Сәтбаев атындағы геологиялық ғылымдар институтының инженері болып бастаған.

2016 жылдан бастап қазірге дейін ҚР Халықаралық Аралды құтқару қорының атқарушы дирекциясының директоры қызметін атқарды.

***

Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулысымен Талғат Тлеубекұлы Ластаев ҚР Көлік вице-министрі қызметіне тағайындалды

Талғат Ластаев 1980 жылы Шығыс Қазақстан облысында дүниеге келді. Шығыс Қазақстан мемлекеттік университетін, С. Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан мемлекеттік университетін, ҚР Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясын, Украина Ұлттық авиациялық университетін, Дьюк университетінің Сэнфорд мемлекеттік саясат мектебін (Солтүстік Каролина, АҚШ) бітірді. Еңбек жолын 1999 жылы банк саласында бастады.

2019-2023 жылдары — ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі Азаматтық авиация комитетінің төрағасы.

***

Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулысымен Ілияс Есетұлы Оспанов ҚР Өнеркәсіп және құрылыс вице-министрі қызметіне тағайындалды

Ілияс Оспанов 1986 жылы Астана қаласында дүниеге келген. Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетін және Лондон империялық колледжін бітірген. Президенттік жастар кадр резервінің мүшесі. Еңбек жолын 2008 жылы «Астана су арнасы» МҚК инженері болып бастады.

2023 жылғы 30 қаңтардан бастап қазірге дейін — ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму вице-министрі.

***

Осы аптада Евгений Глотов Астана әкімінің орынбасары болып тағайындалды

Евгений Глотов еңбек жолын «Қазақстан жастары конгресі» заңды тұлғалар бірлестігінде бастады. Әр жылдары «Ауыл жастары одағы» қоғамдық бірлестігінде, «GP group» ЖШС және тағы да басқа мекемелерде жұмыс істеді.

Кейінгі жылдары ҚР Президенті Әкімшілігінің Ішкі саясат бөлімі меңгерушісінің орынбасары, ҚР Президенті Әкімшілігінің мемлекеттік инспекторы қызметтерін атқарды.

***

Түркістан облысы Сауран ауданының әкімі болып Мақсат Асылбекұлы Таңғатаров тағайындалды

Мақсат Таңғатаров 1981 жылы Түркістан қаласында дүниеге келген. Қожа Ахмет Ясауи атындағы халықаралық қазақ-түрік университетінде «экономика» және «құқықтану» мамандықтарын меңгерді. Еңбек жолын 2003 жылы Түркістан қалалық білім бөлімінде есепші болып бастады. 2012-2017 жылдар аралығында Түркістан қалалық әкімдігінің экономика және қаржы бөлімінің басшысы болды. 2017-2019 жылдары Түркістан қаласы әкімінің орынбасары қызметін атқарды.

2021-2023 жылдары Түркістан қалалық мәслихатының хатшысы, 2023 жылдың шілде айынан бері Сауран ауданы әкімінің орынбасары қызметін атқарып келді.

***

Солтүстік Қазақстан облысы әкімінің орынбасары болып Қанат Дүзелбаев тағайындалды. Осы тағайындауға дейін ол Ақмола облысының экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы қызметін атқарған

Қанат Малғаждарұлы 1974 жылы туған, бұрынғы Торғай облысының тумасы. Алматының экономика және статистика академиясын бітірген. Банк жүйесінде, қазынашылық, экономика және бюджетті жоспарлау саласында тәжірибесі бар. Еңбек жолын 1991 жылы Торғай облысы, Қима ауданы, Қима ауылындағы "Қима" астық кеңшарында құрылыс учаскесінің жұмысшысы болып бастады.

2018 жылдан бастап қазіргі уақытқа дейін "Ақмола облысының экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасы" ММ басшысы лауазымында болды.

***

Түркістан облысы бала құқықтары жөніндегі өңірлік уәкілі лауазымына Егембердиева Динара Асылқызы тағайындалды

Түркістан облыстық мәслихатының депутаты Д. Егембердиева жаңа қызметке кірісті. Ендігі жерде ол Түркістан облысы бала құқықтары жөніндегі өңірлік уәкілі лауазымын қоса атқарады.

Бала құқықтары жөніндегі уәкіл баланың құқықтары мен заңды мүдделерінің бұзылуы туралы өтініштерді, жергілікті атқарушы органдардың және өзге де ұйымдардың әрекеттеріне немесе бейәрекетіне қатысты шағымдарды қарайды.

***

Осы аптада Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаттары Нұрлан Бекназаров, Алтынбек Нухұлы және Ләззат Қалтаева ТМД Парламентаралық Ассамблеясының тұрақты комиссияларының жұмысына қатысты. 

Сонымен қатар, ТМД ПАА-ның құқықтық мәселелер жөніндегі тұрақты комиссиясының мүшелері Н. Бекназаровты комиссия төрағасының орынбасары етіп сайлау туралы шешім қабылдады.

Соңғы жаңалықтар