Баянауылда автобус құлаған ойыққа ауыр техника түсіріліп, іздеу жұмысы жеңілдей түсті

обвал на руднике АО «Майкаинзолото»
Фото: Павлодар облысы ТЖД

Майқайың алтын кенішіндегі адамдары бар автобус құлап кеткен ойыққа ауыр техника түсіріліп, іздестіру жұмыстары жеңілдей түсті, деп хабарлайды Kazinform.

Оқиға орнында құрылған жедел штабтың шешімі бойынша кеше кешкілік ойық түбіне техника кіргізу үшін жарылыс жұмыстары жүргізілген.

Нәтижесінде ойық түбіне жол салынып, ауыр техника түсірілді. Қазіргі күні іздеу-құтқару жұмысы қарқынды жүріп жатыр.

Ең бастысы, авариялық-құтқару жұмысына жұмылдырылған адамдарды топырақ басып қалады деген қауіп жоқ. 

Жер астына түсіп кеткен автобус жүргізушісі мен бір құтқарушы бүгін табылады деген үміт басым.

Кеше түстен кейін Майқайың кенішіндегі ойыққа ауыр техника түсу үшін жол төселіп жатқанын хабарлаған болатынбыз.

Еске сала кетейік, 4 қаңтарда «Майқайыңалтын» кен орнында үлкен ойық маңында топырақ опырылып, 4 адам мінген автобус жердің астына түсіп кеткен болатын.

Кейін оқиға орнынан екі адамның денесі табылды.

Кешкісін табылғандардың кім екені белгілі болды.

обвал на руднике АО «Майкаинзолото»
Фото: Павлодар облысы ТЖД

Оқиға орнында иісшіл иттер жұмыс істеп жатыр. Опырылған жерде әлі де топырақ сырғып түсіп жатыр, опырылу шекарасы тұрақты емес.

Баянауылда кен орнында көз жұмған және із-түзсіз кеткендердің отбасына 4,5 млн теңгеден беріледі.

Ал қаза тапқандарды жерлеу рәсіміне 2 млн теңгеден бөлінді.

Майқайыңдағы алтын кеніші туралы не білеміз?

Алтын кенішіндегі қайғылы жағдайға байланысты полиция сотқа дейінгі тергеуді бастады.  

Соңғы жаңалықтар