Елімізде апта ішінде болған кадрлық тағайындаулар
Өтіп бара жатқан апта ішінде еліміздің орталық және жергілікті атқарушы органдарында бірқатар кадрлық ауыс-түйіс болды, деп хабарлайды Kazinform.
Мемлекет басшысының өкімімен Шыңғыс Лесұлы Жақыпов Қазақстан Республикасы Мемлекеттік күзет қызметі бастығының орынбасары лауазымына тағайындалды.
Сондай-ақ Мемлекет басшысының өкімімен осы қызметті атқарып келген Аңсаған Скендерұлы Балтабеков лауазымынан босатылды.
Халықаралық Аралды құтқару қорының Президенті, ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың шешімімен Асхат Тұтқышбайұлы Оразбай Халықаралық Аралды құтқару қоры Атқарушы комитетінің төрағасы болып тағайындалды.
Осылайша Асхат Оразбай Мемлекет басшысының Жарлығымен Қазақстан Республикасының Иран Ислам Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі лауазымынан босатылды.
Бас прокурордың бұйрығымен Бас прокурор аппаратының басшысы қызметіне Алмаз Мұхаметжанов тағайындалды.
Алмаз Мұхаметжанов 1972 жылы дүниеге келген. Еңбек жолын 1994 жылы бастап, Қарағанды қаласы Совет ауданы прокурорының көмекшісі, прокуратураның тергеушісі, Қарағанды облысы прокуратурасының әлеуметтік-экономикалық саладағы заңдылықты қадағалау бөлімінің прокуроры қызметтерін атқарған.
Бас прокуратурада 1998 жылдан бастап жұмыс істейді. Астана қаласы бойынша ҚСАО басшысы, Бас прокуратураның Құқықтық статистика және арнайы есепке алу комитеті төрағасының орынбасары, Бас прокуратураның халықаралық қатынастар департаменті бастығының орынбасары, Бас прокурор аппаратының ұйымдастыру – бақылау жұмысы бөлімінің бастығы қызметтерін атқарды.
2009 жылдың сәуірінен 2012 жылдың ақпанына дейін Әділет министрлігінің НҚА тіркеу департаментінің директоры болып жұмыс істеді.
2012 жылдан бастап қазіргі таңға дейін Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының Нормашығармашылық қызметті үйлестіру басқармасының, сосын департаментінің бастығы лауазымдарын атқарып келді.
Аталмыш құзыретті органның Нормашығармашылық қызметті үйлестіру департаментінің басшысы болып Альбина Маутова тағайындалды.
Альбина Маутова 1976 жылы туған. 1997 жылы А.Байтұрсынов атындағы Қостанай мемлекеттік университетін бітіргеннен кейін, еңбек жолын жоғарыда аталған университетте оқытушы болып бастаған.
Прокуратура органдарында 1998 жылдан бастап қызмет етеді. Рудный қаласы прокурорының көмекшісі, аға көмекшісі, Бас прокуратураның жедел-іздестіру қызметінің заңдылығын қадағалау департаментінің прокуроры, аға прокуроры, Бас прокурордың көмекшісі, аға көмекшісі қызметтерін атқарды.
2019 жылдың наурыз айынан бастап қазіргі уақытқа басқарма бастығының орынбасары, одан кейін 2020 жылдан бастап Бас прокуратураның Нормашығармашылық қызметті үйлестіру департаменті бастығының орынбасары лауазымдарын атқарды.
Мәдениет және ақпарат министрінің бұйрығымен Қайрат Телманұлы Қамбаров Жастар және отбасы істері комитетінің төрағасы болып тағайындалды.
Қайрат Телманұлы 1989 жылы Алматы қаласында дүниеге келген. Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетін, «Тұран-Астана» университетін бітірген.
Еңбек жолын 2010 жылы Астана қ. Ішкі саясат басқармасының бас маманы болып бастады.
2012-2013 жылдары — Астана қ. әкімі аппараты бөлімінде бас маман, бас маман – протокол басшысы.
2013 жылы ҚР Президентінің Іс басқармасында сектор бөлімінің меңгерушісі, Астана қ. Жастар саясаты мәселелері басқармасы бөлімінің басшысы.
2013-2014 жылдары — «Нұр Отан» партиясының Астана қ. филиалының бөлім кеңесшісі.
2014-2015 жылдары — Астана қаласы бойынша Тексеру комиссиясы бөлімінің бас инспекторы-бас бақылаушысы.
2015 жылы Астана қ. Жастар саясаты мәселелері басқармасының бөлім басшысы.
2015-2018 жылдары — Астана қаласы Ішкі саясат басқармасының бөлімі басшысы, басқарма басшысының орынбасары, Тілдерді дамыту және архив ісі басқармасы басшысының орынбасары, Астана қаласы әкімі аппаратының бөлім басшысы.
2019-2021 жылдары — Нұр-Сұлтан қаласы Есіл ауданы әкімі аппаратының басшысы.
2021-2022 жылдары — Нұр-Сұлтан қаласы Жастар саясаты мәселелері басқармасының басшысы.
2022 жылдан қазіргі уақытқа дейін — Астана қаласы Жастар саясаты мәселелері басқармасының басшысы.
Ал осы министрліктегі Рустам Әли Архив, құжаттама және кітап ісі комитетінің төрағасы болып тағайындалды.
Ол 1984 жылы Алматы облысында дүниеге келген. Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетін, І. Жансүгіров атындағы Жетісу мемлекеттік университетін бітірген.
Еңбек жолын 2006 жылы «Деловая неделя» газетінде тілші болып бастаған.
2006-2011 жылдары – «Деловая неделя» газетінде тілші, редактор, бас редактордың орынбасары.
2011-2012 жылдары – «Жетісу жастары» жастар орталығы» МКҚК директоры.
2012 жылы – Алматы облысы жастар саясаты орталығының директоры.
2012 жылы – Алматы облысы Қайнарлы ауылдық округінің әкімі.
2012-2016 жылдары – Алматы облысы жастар саясаты мәселелері басқармасының бастығы, басшысы.
2016-2020 жылдары Алматы облысы ішкі саясат басқармасының басшысы болып жұмыс істеді.
2020-2021 жылдары – Алматы облысы әкімінің орынбасары.
2021-2022 жылдары – Алматы облысы Ескелді ауданының әкімі.
2022 жылдан бастап қазіргі уақытқа дейін – Жетісу облысы әкімінің орынбасары.
ҚР Президент Әкімшілігінің келісімі негізінде Ақмола облысы әкімінің өкімімен Досұлан Айтбаев Ақмола облысы әкімі аппаратының басшысы болып тағайындалды.
Досұлан Айтбаев 1985 жылы Қостанай облысы Жангелдин ауданында туған.
Еңбек жолын 2008 жылы Қостанай облысы Жангелдин ауданы әкімі аппаратының бас маманы болып бастады.
2008-2010 жылдары Қостанай облысының Ішкі саясат басқармасында жұмыс істеді.
2010-2013 жылдары Мәдениет және ақпарат министрлігінде қызмет етті.
2013-2016 жылдары Білім және ғылым министрлігінің Жастар істері комитетінде әртүрлі жауапты қызметтерді атқарды.
2016-2020 жылдары Қазақстан Президентінің баспасөз қызметінің референті, консультанты, инспекторы кейін сектор меңгерушісі болып жұмыс істеді.
2023 жылдан бастап қазіргі уақытқа дейін Президент Әкімшілігі Коммуникациялар бөлімінің сектор меңгерушісі қызметін атқарды.
Ермек Алпысов Қарағанды облысы әкімінің бірінші орынбасары болып тағайындалды.
Ол 2001 жылдан бері мемлекеттік қызметте. Алматы облыстық қоршаған ортаны қорғау басқармасының жетекші, бас маманы, инспекторы, бөлім бастығы болды. Алматы облысы Ақсу ауданы әкімінің орынбасары, Талдықорған әкімінің орынбасары, Талдықорған әкімі, ҚР Президенті Әкімшілігінің мемлекеттік бақылау және ұйымдастыру-аумақтық жұмыс бөлімі меңгерушісінің орынбасары қызметтерін атқарды.
2019 жылдан 2021 жылға дейін ҚР Ұлттық экономика министрінің орынбасары болды. Бұған дейін Қарағанды облысы әкімінің орынбасары қызметін атқарды.
ҚР Президенті Әкімшілігінің келісімімен және облыс әкімінің өкімімен Жаналинов Данияр Еренғалиұлы Қызылорда облысы әкімінің бірінші орынбасары лауазымына тағайындалды.
Д. Жаналинов 1975 жылы Алматы облысында дүниеге келген. Қазақ көлік және коммуникация академиясын «Инженер-экономист» мамандығы бойынша бітірген.
Еңбек жолын 2000 жылы Алматы облысы Талдықорған қаласы бойынша салық комитетінің салық инспекторы болып бастаған.
2002-2010 жылдары Алматы облысы бойынша салық комитетінде салық инспекторы, жетекші, бас салық инспекторы, бөлім басшысы және департамент бастығының орынбасары қызметтерін атқарған.
2010-2014 жылдары ҚР Қаржы министрлігі Салық комитетінің басқарма басшысы, 2014-2018 жылдары ҚР Қаржы министрлігі Мемлекеттік кірістер комитетінің Солтүстік Қазақстан облысы бойынша департаментінің басшысы, 2018-2021 жылдары Маңғыстау облысы бойынша мемлекеттік кірістер департаментінің басшысы болған.
2021-2022 жылдары ҚР Қаржы вице-министрі. 2022 жылдың тамыз айынан бастап ҚР Қаржы министрлігі Мемлекеттік кірістер комитетінің төрағасы, 2023 жылдың қыркүйек айынан бері облыс әкімінің орынбасары қызметтерін атқарып келді.
Облыс әкімінің өкімімен Қызылорда қаласының әкімі қызметіне Серік Қожаниязов тағайындалды.
С. Қожаниязов 1965 жылы Қызылорда қаласында дүниеге келген. 1989 жылы Кузбасс политехникалық институтын (РФ) инженер-механик, 2002 жылы Л.Гумилев атындағы Евразия мемлекеттік университетінің Қызылорда филиалын экономист-қаржыгер мамандықтары бойынша бітірген.
Еңбек жолын 1989 жылы Қызылорда қаласында №2 механикалық-жөндеу зауытының инженер-технологы, учаске шебері болып бастаған.
1992-1999 жылдары «Серік» шағын кәсіпорнының, «Арко-инвест» инвестициялық жекешелендіру қорының директоры, 1999-2001 жылдары Қызылорда қаласының әкімі жанындағы «Қалалық бизнес орталығы» мемлекеттік кәсіпорнының және Қызылорда облысы әкімінің жанындағы «Инвестиция тарту және құнды қағаздар рыногын дамыту орталығы» мемлекеттік кәсіпорнының директоры, Қызылорда қаласындағы «Сенім» ашық зейнетақы жинақтау қоры» ЖАҚ-ның бас менеджері қызметтерін атқарған.
2001-2007 жылдары Қызылорда облысы әкімі аппаратының нарықтық инфрақұрылымды қалыптастыру бөлімінің меңгерушісі, Қызылорда облысының кәсіпкерлік және өнеркәсіп департаментінің директоры, 2007-2008 жылдары Қызылорда қаласының әкімі болды.
2008-2014 жылдары ҚР Премьер-Министрі Кеңсесінің ұйымдастыру жұмысы және аймақтық даму бөлімінің бас инспекторы, осы бөлім меңгерушісінің орынбасары, одан әрі Премьер-Министрі Кеңсесінің аймақтық даму бөлімінің меңгерушісі қызметтерін абыроймен атқарды.
2014-2019 жылдары Қызылорда облысы әкімінің орынбасары, ҚР Перзидентінің «Байқоңыр» кешеніндегі арнаулы өкілі қызметінде болып, 2019-2022 жылдары дейін ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің вице-министрі лауазымын атқарған.
2022 жылдың 24 маусымынан бастап Қызылорда облысы әкімінің бірінші орынбасары қызметін атқарды.
Қазақстанның Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымының тұрақты өкілі Марат Сыздықов ҰҚШҰ Тұрақты кеңесінің басшысы болып тағайындалды.
Марат Сыздықов 1966 жылы 27 сәуірде Ақмола облысы Щучинск қаласында дүниеге келген.
1991-1992 жылдары Целиноград қаласындағы №7 гимназияда тарих пәнінің мұғалімі;
1992-1998 жылдары Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің қазіргі заман тарихы кафедрасының оқытушысы, аға оқытушысы;
1998-2000 жылдары ҚР Президенті Әкімшілігінің Талдау және стратегиялық зерттеулер орталығының сарапшысы;
2000-2002 жылдары ҚР Президенті Әкімшілігі Қауіпсіздік Кеңесінің Талдау орталығының халықаралық үдерістерді талдау және болжау секторының меңгерушісі;
2002-2010 жылдары ҚР Ресей Федерациясындағы Елшілігінің екінші хатшысы, бірінші хатшысы, кеңесшісі;
2010-2014 жылдары ҚР Президенті Әкімшілігінің Сыртқы саясат орталығы меңгерушісінің орынбасары;
2014-2019 жылдары ҚР Ресей Федерациясындағы Елшілігінде кеңесші;
2019 жылдан бастап ҚР Сыртқы істер министрінің орынбасары болып жұмыс істеді;
2022 жылдың 21 сәуірінде Қазақстан Республикасының Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарты ұйымындағы тұрақты өкілі болып тағайындалды.
Константин Горовенко 21 жасқа дейінгі Қазақстан құрамасының бас бапкері болып тағайындалды.
К.Горовенко футболшы мансабында «Қайрат», «Қайнар», «Жеңіс», «Алматы», «Сұңқар», «Мегаспорт» сынды клубтарда ойнаған. 2000-2001 жылдары Қазақстан құрамасы сапында 6 кездесу өткізіп, 3 гол соққан.
Бапкерлік мансабын «Сұңқар» клубында бас бапкердің көмекшісі болып бастады. Сондай-ақ, ол «Қайраттың» жастар командасында қызмет атқарды. 2017 жылы қазақстандық маман алғашқы маусымда алматылық клубтың фарм-командасымен бірге Қазақстан бірінші лигасының қола жүлдесіне қол жеткізді.
2018-2020 жылдары «Жетісудың» екінші командасын жаттықтырды.
2020 жылы Қарағандының «Шахтерін» бапкерлік қызмет атқарды. Команда Премьер-лигада төртінші орынға тұрақтап, еурокубок жолдамасын жеңіп алды.
2021 жылы «Мақтаарал» клубының бас бапкері қызметінде бірінші лиганың күміс жүлдегері атанып, Премьер-лигаға жолдама алды.
Одан кейінгі кезеңде қазақстандық маман «Атырау» және «Каспий» клубтарына басшылық жасады.