Елімізде апта ішінде болған кадрлық тағайындаулар

тағайындау
Фото: freepik.com

АСТАНА. KAZINFORM – Елімізде өткен аптада бірқатар кадрлық ауыс-түйіс болды.

26 ақпанда Павлодар облысы Ақпарат және қоғамдық даму басқармасының басшысы тағайындалды. 

Әлнұр Серікұлы 1987 жылы 29 сәуірде дүниеге келген. 2010 жылы Варшава университетін тәмамдады. Саясаттану магистрі дәрежесі бар.

2010-2015 жылдар аралығында Астана қаласының Ішкі саясат басқармасында түрлі лауазымда, соның ішінде басқарма басшысының орынбасары болып жұмыс істеді.

2015-2016 жылдары – Астана қаласы әкімі аппараты басшысының орынбасары.

2016 жылдан бастап ҚР Президентінің Әкімшілігінде әртүрлі лауазымдарда еңбек етті, оның ішінде 2021 жылдан 2023 жылдар аралығында Президент Әкімшілігінің ішкі саясат бөлімі меңгерушісінің орынбасары қызметін атқарды.

Сол күні Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің келісімі бойынша Азамат Айтбайұлы Тайжанов Қарағанды облысы әкімінің бірінші орынбасары болып тағайындалды. 

Азамат Тайжанов Қазақ гуманитарлық-заң университетін (Халықаралық құқық бакалавры), Жапониядағы Токай университетін (экономика магистрі), Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетін бітірген. PhD докторы.

2007 жылдан бастап мемлекеттік қызметте. Экономика және бюджеттік жоспарлау, қоршаған ортаны қорғау, индустрия және жаңа технологиялар министрліктерінде әртүрлі қызметтер атқарды.

Степногорск қаласы әкімінің орынбасары, Ақмола облысы Егіндікөл және Аршалы аудандарының әкімі болып жұмыс істеді.  «Қазақстандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылықты жаңғырту және дамыту орталығы» АҚ Басқарушы директоры, Басқарма төрағасының орынбасары – Басқарма мүшесі болды.

2021 жылдан 2023 жылға дейін – Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары – Қаржы министрінің кеңесшісі.

2023 жылғы мамырдан бастап осы тағайындауға дейін Ақмола облысы әкімінің орынбасары қызметін атқарды.

Аптаның алғашқы күні Болатбек Айтбаев «Жол активтері сапасының ұлттық орталығы» РМК-ның бас директоры болды. 

Болатбек Қабланбекұлы 1975 жылы Алматы қаласында дүниеге келген.

М.Тынышбаев атындағы Қазақ көлік және коммуникациялар академиясын автомобиль жолдары мен аэродромдар құрылысы мамандығы бойынша бітірген.

Еңбек жолын 2004 жылы «ҚазЖолҒЗИ» ААҚ Астана қаласындағы филиалында инженер болып бастады.

Б.Айтбаев ұзақ уақыт бойы «ҚазАвтоЖол» жүйесінде басшылық қызметтерде болды.

Дүйсенбіде Геннадий Головкин Ұлттық олимпиада комитетінің президенті болып сайланды. 

ҚР ҰОК Бас ассамблеясының отырысына олимпиадалық спорт түрлері бойынша 35 ұлттық спорт федерациясының өкілдері мен ұйымның спортшылар комиссиясынан 2 өкіл қатысты.

34 қатысушы Геннадий Головкиннің кандидатурасын қолдады, екеуі қалыс қалды.

Спорт әлемінде GGG лақап атымен танымал болған Геннадий Головкин шаршы алаңда шашасына шаң жұқтырмай, әуесқой да, кәсіпқой да бокста өзінің ұрыс мәнерімен, ерекше стилімен миллиондаған жанкүйердің сүйікті спортшысына айналған.

Ол әуесқой бокста 350 жекпе-жек өткізіп, оның 345-інде жеңіске жетті. Еш уақытта нокаут тұрмақ, нокдаунға да түсіп көрген жоқ. Геннадий әуесқой бокста Азия, Әлем чемпионаттарында топ жарды. Алайда Олимпиада чемпионы бола алмады, күміс медальді қанағат тұтты. Ол 2004 жылы Афинада өткен Олимпиада ойындары болатын. Дәл осы жазғы ойындарға Головкин қазаққа үнемі алтын медаль сыйлап келген 69 келі салмақ санатында баруы тиіс еді. Дегенмен ол 75 келіге ауысып, ал 69 келі салмақта ел үміті Бақтияр Артаевқа артылған болатын. Осы Олимпиадада Бақтияр Артаев чемпион атанса, Геннадий Головкин күміс жүлдегер атанды. Дегенмен, әлі күнге дейін дәл осы жекпе-жекке қатысты дау көп. Көпшілік Геннадийдің сол уақытта ресейлік Гайдарбек Гайдарбековтен жеңілмегенін айтады. Генаның өзі де сол жекпе-жекте жеңілмегеніне сенімді.

Айта кетейік, сол күні Ұлттық олимпиада комитетінде басқа да тағайындаулар болды. 

Атап айтқанда, Ұлттық олимпиада комитетінің қысқы спорт түрлері бойынша вице-президенті – Мамин Асқар Ұзақбайұлы сайланды.

Ол 1965 жылы 23 қазанда қазіргі Астана қаласында дүниеге келген. Әр жылдары Астана қаласының әкімі, Көлік және коммуникациялар министрі, Премьер-Министрдің орынбасары, Үкімет басшысы болған.

Ұлттық олимпиада комитетінің жазғы спорт түрлері бойынша вице-президенті – Әбілғазин Данияр Рүстемұлы. 1969 жылы Алматы қаласында дүниеге келген. Ол – Қазақстанның Су спорты түрлері федерациясының президенті, Үстел теннисі федерациясының президенті, Спорттық жекпе-жек және күш қолданылатын спорт түрлері конфедерациясының төрағасы, «Almaty Triathlon Federation» ҚБ қамқоршылық кеңесінің, «Fizmat Endowment Fund» қамқоршылық кеңесінің төрағасы.

Ұлттық олимпиада комитетінің жалпы мәселелер бойынша вице-президенті – Ербол Қуантайұлы Мырзабосынов.

Ол 1984 жылы Шығыс Қазақстан облысында дүниеге келген. Семей педагогикалық иститутын, Қазақ гуманитарлық-заң инновациялық университетін, Қазақ спорт және туризм академиясын бітірген. 2020-2021 жылдары Qazaq kuresi қауымдастығының басқарушы директоры, 2021-2023 жылдары Дене тәрбиес және бұқаралық спорт академиясының ректоры болған. 2023 жылдан бері Мәдениет және спорт министрлігі Спорт істері және дене тәрбиесі комитетінің төрағасы қызметін атқарады.

Ұлттық олимпиада комитетінің параолимпиадалық спорт түрлері бойынша вице-президенті – Сәпиев Серік Жұманғалиұлы.

1983 жылы 16 қарашада Қарағанды облысында дүниеге келген. Мәдениет және спорт министрлігі Спорт істері және дене тәрбиесі комитетінің төрағасы қызметін атқарған. 2005 және 2007 жылдары бокстан әлем чемпионы, 2012 жылы Олимпиада чемпионы болған. Қазақстанның еңбек сіңірген спорт шебері, еңбек сіңірген спорт қайраткері, Вэл Баркер кубогының иегері.

Ұлттық олимпиада комитетінің бас хатшысы – Өтешева Жанар Азырқанқызы.

Ол соңғы 2 жыл бойы Геннадий Головкин командасының БАҚ-пен жұмыс мәселелерімен айналысып келді.

Сондай-ақ, спорттың олимпиадалық түрлері бойынша ұлттық федерация өкілдері Ұлттық олимпиада комитеті Атқарушы комитетінің де мүшесі болды, олар:

Дмитрий Игоревич Баландин 1995 жылы 4 сәуірде Алматы қаласында дүниеге келген. 200 метрге брасс әдісімен жүзуден 2016 жылғы жазғы Олимпиада ойындарының чемпионы, Азия ойындарының үш дүркін чемпионы, 2015 жылы өткен Универсиада жеңімпазы.

Диас Төлеутайұлы Сүлейменов 1972 жылы 27 шілдеде Теміртау қаласында дүниеге келген. «Қамқор Менеджмент» ЖШС-нің бас директоры, Қазақстан Ұлттық шаңғы қауымдастығының призиденті, Ұлттық паралимпиадалық комитеттің вице-президенті.

Болат Жамитұлы Өтемұратов 1957 жылы 13 қарашада Атырау қаласында дүниеге келген. Қазақстан Теннис федерациясының президенті, Халықаралық теннис федерациясының вице-президенті (International Tennis Federation).

Әлия Мақсұтқызы Юсупова 1984 жылы 15 мамырда Шымкент қаласында дүниеге келген. Қазақстан спортшысы. Көркем гимнастикадан Афина мен Бейжің Олимпиадаларына қатысқан;

Қуанышбек Бақытбекұлы Есекеев 1975 жылы 10 маусымда Алматы қаласында дүниеге келген. «Қазақтелеком» АҚ басқармасының төрағасы және Директорлар кеңесінің мүшесі.

Гаджи Шапиевич Гаджиев 1974 жылы 29 қыркүйекте дүниеге келген. Бизнесмен, қоғам қайраткері. Ауыр атлетика федерациясының бірінші вице-президенті, ҚР Пенчак силат қауымдастығының президенті.

Даниал Кенжетайұлы Ахметов 1954 жылы 15 маусымда Павлодар қаласында дүниеге келген. Шығыс Қазақстан облысының әкімі, Қорғаныс министрі, Премьер-Министр, Еуразиялық экономикалық комиссияның энергетика және инфрақұрылым жөніндегі алқасының мүшесі (министр) болған.

Қазақстан Ұлттық олимпиада комитеті Тексеру комиссиясының төрағасы лауазымына Алпамысов Абай Әбдімәсетұлы сайланды.

Ол 1969 жылы 11 маусымда дүниеге келген. Қазақстан Ұлттық баскетбол федерациясының бас хатшысы, президенті, Қызылорда облысы әкімінің орынбасары қызметтерін атқарған.

Қазақстан Ұлттық олимпиада комитеті Тексеру комиссиясының мүшесі болғандар:

Раббани Әбдікамалұлы Әшімбеков – Қазақстанның гимнастика федерацифсының бас хатшысы.

Роллан Серікұлы Серіков – Туризм және спорт министрлігінің Спорт істері және дене тәрбиесі комитеті төрағасының орынбасары.

Спортшылардың, спортшылар сайлаған комиссияның өкілі болып Ольга Сергеевна Рыпакова сайланды.

Ол 1984 жылы 30 қарашада Өскемен қаласында дүниеге келген. Жеңіл атлет. Ол 2012 жылы Лондон Олимпиадасында алтын, Бейжің Олимпиадасында күміс және Рие-де-Жанейро Олимпиадасына қола медаль жеңіп алған.

Ұлттық Олимпиада комитеті 1990 жылдың 3 ақпанында құрылып, 1993 жылдың қыркүйек айында Халықаралық Олимпиада комитеті тарапынан ресми түрде танылған. Ол дербес, тәуелсіз қоғамдық ұйым саналады. Өз қызметін жүзеге асыру барысында Олимпиада хартиясы, Қазақстан Республикасы Заңдары және ҰОК Жарғысын негізге алады. ҰОК миссиясы – Қазақстан аумағында олимпиадалық қозғалысты дамыту және оны қорғау, Олимпиадалық құндылықтарды насихаттау.

Сонымен қатар 26 ақпан күні Айдар Кибаев Жетісу облысы жұмылдыру дайындығы басқармасына басшы болды. 

Айдар Маусымбайұлы 1968 жылы туған. Жоғары білімді.

Қазақ Еңбек және әлеуметтік қатынастар академиясын бітірген.

Еңбек жолын Киров аудандық автобазада жүргізуші болып бастады.

Әр жылдары Алматы облысының төтенше жағдайлар жөніндегі басқармасының Талдықорған аймақтық орталығының кезекші диспетчері, Талдықорған қалалық ТЖ басқармасының жетекші маманы, бас маманы, бөлім басшысы, Алматы облыстық төтенше жағдайлар департаментінің бас маманы, Алматы облысының жұмылдыру дайындығы, азаматтық қорғаныс және авариялар мен табиғи апаттардың алдын алуды және жоюды ұйымдастыру басқармасының бас маманы, Ескелді ауданы әкімі аппаратының жалпы бөлімінің, жалпы және қаржы шаруашылық бөлімінің әскери-жұмылдыру жұмыстары, бастапқы әскери дайындық, азаматтық қорғаныс және төтенше жағдайлар жөніндегі бас маманы, Алматы облысы әкімі аппаратының жұмылдыру дайындығы және аумақтық қорғаныс бөлімінің бас маманы, Жетісу облысы әкімі аппаратының жұмылдыру дайындығы және аумақтық қорғаныс бөлімінің бас инспекторы лауазымдарын атқарды.

2022 жылдың тамызынан Жетісу облысы әкімі аппаратының жұмылдыру дайындығы және аумақтық қорғаныс бөлімінің басшысы.

Апта басында Қарағанды облысы бойынша Өнеркәсіптік қауіпсіздік департаментіне жаңа басшы келді. 

Сергей Брагин Мәскеу мемлекеттік ашық университетінің тау-кен факультетін «Gайдалы қазбалар кен орындарын жерасты игеру» мамандығы бойынша бітірген.

Әр жылдары «Қарағандыкөмір» бірлестігінде («Степная» шахтасы) электрослесарь, тау-кен шебері, механик, желдету учаскесі және ТБ бастығының орынбасары болып жұмыс істеді.

ҚазКСР Мемлекеттік техникалық бақылау Қарағанды округінің басқармасында учаскелік тау-кен инспекторы, Шахтинск тау-кен инспекциясы бастығының орынбасары болды.

1998 жылдан 2022 жылға дейін — ҚР ИДМ өнеркәсіптік қауіпсіздік комитетінің Қарағанды облысы бойынша департаменті № 4 көмір өнеркәсібіндегі мемлекеттік қадағалау бөлімінің бас маманы.

2022 жылдың тамыз айынан бастап осы тағайындауға дейін ҚР Төтенше жағдайлар министрлігі өнеркәсіптік қауіпсіздік комитетінің Қарағанды облысы бойынша департаментінің № 4 көмір өнеркәсібіндегі мемлекеттік қадағалау және бақылау бөлімін басқарды.

27 ақпанда Еуропалық Одақтың адам құқықтары жөніндегі жаңа өкілі тағайындалды. 

Олаф Скуг – өз елінде және Еуроодақтағы әртүрлі лауазымдарда тәжірибесі бар швед дипломаты. Ең соңғы лауазымы – Біріккен Ұлттар Ұйымындағы Еуропалық Одақ делегацияның басшысы (2019 жылдың желтоқсанынан 2023 жылдың тамызына дейін).

Еуропалық кеңесте атап өткендей, ЕО-ның жаңа Арнайы өкілі Еуроодақтың адам құқықтары саласындағы саясатын жүзеге асыруға, халықаралық гуманитарлық құқықты сақтау және халықаралық қылмыстық сот төрелігін қолдауға қатысты ЕО ұстанымын жүзеге асыруға үлес қосуда өзіне дейінгілердің жұмысын жалғастырады.

Сейсінбіде ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың 22 ақпандағы Жарлығымен ел өңірлерінде сот төрағалары мен судьялар тағайындалды. 

Аптаның екінші күні Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің баспасөз хатшысы болып Диляра Ардаққызы Аленова тағайындалды. 

Диляра Аленова халықаралық құқық мамандығы бойынша ҚазГЗУ университетін бітірген.

Еңбек жолын 2014 жылы тілші болып бастады.

Әр жылдары ҚР Президенті жанындағы орталық коммуникациялар қызметінде, ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрлігі ақпарат комитетінде, «Қазконтент» АҚ-да, ҚР Премьер-Министрінің баспасөз қызметінде жұмыс істеді.

Алматы қаласының өңірлік коммуникациялар қызметі басшысы, Алматы қаласы қоғамдық даму басқармасы коммуникациялық іс-тәжірибелер бөлімінің басшысы, Алматы қаласы әкімінің баспасөз қызметінің басшысы болып жұмыс істеді.

27 ақпанда Азат Исенов Ұлытау облысы бойынша Мемлекеттік кірістер департаментін басқаруға кірісті. 

Азат Исенов 1979 жылы туған. Білімі бойынша — қаржыгер, заңгер.

Шәкәрім атындағы Семей мемлекеттік университетін, Қазақ гуманитарлық-заң университетін бітірді.

Мемлекеттік қызметтегі жұмыс өтілі — 24 жыл.

Салық жүйесінде еңбек қызметін 2000 жылы бастады.

Қатардағы салық инспекторынан Қаржы министрлігі мемлекеттік кірістер комитетінің Ұлытау облысы бойынша мемлекеттік кірістер департаменті басшысының орынбасарына дейін еңбек жолын өтті.

2022 жылғы қыркүйектен бастап мемлекеттік кірістер комитетінің Ұлытау облысы бойынша Мемлекеттік кірістер департаменті басшысының орынбасары лауазымын атқарды.

28 ақпанда Дархан Әбдуахит AMANAT партиясының баспасөз хатшысы болып тағайындалды. 

Дархан Әбдуахит 1983 жылы 12 шілдеде дүниеге келген.

А.Байтұрсынов атындағы Қостанай мемлекеттік университетінің түлегі.

Еңбек жолын «Жас қазақ», «Алға» журналдарында бастаған.

«Хабар» арнасында «Жеті күн», «Бетпе-бет» бағдарламаларының жүргізушісі болды.

2022 жылдан бастап «Хабар 24» арнасында шығарушы редактор қызметін атқарды.

Сәрсенбіде Дәрменияр Қыдырбекұлы Астанадағы Есіл ауданының әкімі болып тағайындалды. 

42 жастағы Дәрменияр Қыдырбекұлы 4 жылдан астам уақыт Есіл ауданы әкімінің орынбасары қызметін атқарған.

Еңбек жолын 2006 жылы «Мүлһин» қоры» қоғамдық бірлестігінде бастаған.

Әр жылдары қоғамдық және жеке құрылымдарда жұмыс істеді.

2012-2013 жылдар аралығында «Жетісу ӘКК» ҰК» АҚ (Талдықорған) басқарма төрағасының орынбасары лауазымын атқарды.

2013 жылы Талғар ауданы әкімінің көмекшісі болып жұмыс істеді.

2013-2019 жылдар аралығында Талғар ауданы әкімінің орынбасары болды.

2019 жылғы 19 қарашадан бастап Астана қаласы Есіл ауданы әкімінің орынбасары.

Мемлекет басшысының тапсырмалары аясында Астана әкімі Жеңіс Қасымбек аудан мен елді мекендерді дамыту бойынша бірқатар міндет жүктеді.

Сонымен қатар 28 ақпанда Ғазизбек Саматов Семей халықаралық әуежайына директор болды. 

Ғазизбек Қайратұлы 1986 жылы 1 тамызда Тарбағатай ауданы Тұғыл кентінде дүниеге келген.

С.Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан мемлекеттік университетінде «қаржыгер» мамандығы, Азаматтық авиация академиясында «әуе көлігіндегі тасымалдауды ұйымдастыру» мамандығы бойынша білім алған.

Көп жылдар бойы «Өскемен әуежайы» АҚ-да басшылық лауазымдарда жұмыс істеді.

2018 жылдан бастап «Семей халықаралық әуежайы» ЖШС директорының көмекшісі – сапаны бақылау аудиторы қызметін атқарды.

Тағайындауға дейін «Семей халықаралық әуежайы» ЖШС директорының авиациялық қауіпсіздік жөніндегі орынбасары – авиациялық қауіпсіздік қызметінің басшысы болды.

Апта ортасында (28 ақпан) Президенттік кадр резервінің мүшелері астананың 4 мектебіне конкурссыз директор болды. 

Атап айтқанда, Астана қаласы бойынша 18 кандидат республикалық кадр резервіне алынды, бұл туралы елорда әкімдігі хабарлаған еді. Педагогтер құзыреттіліктерін бағалау үшін тестілеуден өтті.

Екінші кезеңде — үш деңгейлі оқыту, үшінші кезеңде — елдің жетекші мектептерінде тағылымдамадан өту, төртінші кезеңде — қорытынды бағалау және қорытынды кезеңде министрлік жанындағы комиссиямен әңгімелесу болды.

Республикалық кадр резервіне енгізілген кандидаттарды орта білім беру ұйымдарының бірінші басшыларының бос лауазымдарына тағайындау мәселесі қаралуда. Қазіргі таңда білім беру ұйымдарының басшылары болып үш үміткер тағайындалды.

№ 14 мектеп-гимназия директоры лауазымына Ғалия Рахматуллақызы Хайлитдинова, № 82 «Дарын» мамандандырылған лицейінің директоры лауазымына Айгүл Базарбайқызы Бейсенбина, № 62 мектеп-лицейіне Қайрат Мұқашев тағайындалды.

Кадр резерві үміткерлері білім беру ұйымдарының басшылары лауазымына конкурстық рәсімнен өтпей-ақ бірінші басшының бос орнына тағайындалады.

Жаңа буын менеджерлері алдағы уақытта кезең-кезеңімен мектептерге және «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында салынып жатқан білім ошақтарын кадрлық жағынан қамтамасыз ету мәселесін шешуге жәрдемдеседі.

29 ақпанда Астана қаласының Дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы лауазымына Василий Левит тағайындалды. 

Қостанай облысының тумасы Василий Левит 1988 жылы дүниеге келген.

Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген спорт шебері, екі мәрте Олимпиада ойындарына қатысқан. 2016 жылғы Олимпиада ойындарының күміс жүлдегері, әлем чемпионатының екі дүркін қола жүлдегері, Қазақстан тарихындағы алғашқы үш дүркін Азия чемпионы, Азия чемпионатының екі дүркін жүлдегері, бокстан халықаралық және ұлттық жарыстардың бірнеше дүркін жеңімпазы.

Ол 2022 жылдан бастап Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Қызметкерлерді физикалық шынықтыру басқармасының басшысы болып қызмет атқарды.

2 наурызда Алматының грек-рим, әйелдер және еркін күрес федерациясына жаңа басшы келді. 

Қалалық күрес федерациясының басшысы Айдар Беркімбаев спортшылардың ерекше жетістіктерін, оның ішінде еркін күрестен әлем чемпионатының тарихындағы тұңғыш алтын медалді Ризабек Айтмұхан жеңіп алғанын атап өтті.

Астанада өткен күрестен Қазақстан Республикасының чемпионатында алматылықтар жоғары деңгей көрсетіп, еркін күрестен жалпы есепте үшінші, әйелдер күресінен бірінші орынды жеңіп алды.

Федерация басшылығындағы өзгерістер туралы хабарландыру маңызды сәт болды. Осыған байланысты Айдар Беркімбаев басшылық қызметінен кетіп, оның орнына кәсіпкер және меценат Омар Әлиевті тағайындауды ұсынды. Оның кандидатурасын бірауыздан қолдады.

Омар Әлиев өзіне білдірген сенім үшін ризашылығын білдіріп, балалар мен жастарды спортқа баулуға баса назар аударып, қалада күресті дамытуға ниетті екенін жеткізді.

Жоғары нәтижелер мен күресті дамытуға қосқан үлесі үшін Айдар Беркімбаевқа Республикалық күрес федерациясы президентінің Алғыс хаты табыс етілді. Конференцияға қатысушылар U-17 және U-23 жас санаттары бойынша алдағы ҚР чемпионатында спортшылар мен жаттықтырушылар құрамына сәттілік тіледі.

Соңғы жаңалықтар