Қазақстанда апта ішінде болған кадрлық тағайындаулар
АСТАНА. KAZINFORM — 15-21 маусым аралығында Қазақстанның мемлекеттік басқару жүйесі мен өңірлерінде бірқатар кадрлық өзгеріс болды. Kazinform тілшісі осы аптадағы негізгі тағайындауларға шолу жасады.
Ғылым және инновация департаментінің директоры ауысты. Марат Иманалиев Су ресурстары және ирригация министрлігінің Ғылым және инновация департаментінің директоры болып тағайындалды. Ол 1974 жылғы 16 мамырда дүниеге келген. Ол Әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік ұлттық университетін «Химия» мамандығы бойынша, ал М. Х. Дулати атындағы Тараз өңірлік университетін «Елді мекендерді сумен жабдықтау және су бұру» мамандығы бойынша тәмамдаған.
Еңбек жолын 1991 жылы Әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік ұлттық университетінің химия факультетінде зертханашы болып бастаған. 2005-2006 жылдары Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігінің Су ресурстары комитетіне қарасты «Қазагромелиоводхоз» республикалық әдістемелік орталығында алдымен бірінші санатты, кейін жоғары санатты маман қызметін атқарды. 2006-2018 жылдары Ауыл шаруашылығы министрлігінің, Қоршаған ортаны қорғау министрлігінің және Қоршаған орта және су ресурстары министрлігінің Су ресурстары комитетінде жұмыс істеп, бас сарапшы лауазымына дейін көтерілді. 2018-2023 жылдары Су ресурстары комитетінің Су қорын пайдалану және қорғау саласындағы мемлекеттік бақылау басқармасының басшысы болды. 2023-2024 жылдары Су ресурстары және ирригация министрлігінің Су шаруашылығы комитетінде Топтық су құбырларын дамыту басқармасын басқарды. 2024 жылдан бастап осы уақытқа дейін ҚР Су ресурстары және ирригация министрлігінің Су саясаты департаменті директорының орынбасары қызметін атқарып келді.
Марат Иманалиев 2017 жылы «Ерен еңбегі үшін» медалімен, 2020 жылы «Қазақстан Республикасының Конституциясына 25 жыл» мерейтойлық медалімен марапатталған. Ал 2022 жылы «Су шаруашылығының үздігі» төсбелгісіне ие болды.
Алматы облысы әкімінің өкімімен Қуаныш Бахытұлы 2026 жылғы 16 маусымнан бастап Алматы облысы әкімінің орынбасары лауазымына тағайындалды.
Қуаныш Бахытұлы 1977 жылы туған, білімі жоғары. Қазақ мемлекеттік әлем тілдері университетін 1998 жылы «іс-құжат жүргізуші-халықаралық деңгейдегі маман», 2008 жылы Шымкент университетін «Экономика», 2010 жылы Алматы үздіксіз білім беру университетін «Құқықтану» мамандығы бойынша бітірген.
Еңбек жолын жеке секторда бастап, әр жылдары түрлі коммерциялық ұйымдарда менеджер, бас директордың көмекшісі, директордың орынбасары, бас менеджер және әкімшілік-шаруашылық бөлімінің менеджері, Алматы қаласы Бостандық ауданы әкімі аппаратының бас маманы, аппарат басшысы, Алматы қаласының кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасының бөлім бастығы, басқарма бастығының орынбасары, Алматы қаласы Әуезов және Алмалы ауданы әкімінің орынбасары, «Алматы халықаралық әуежайы» АҚ-ның жүк тасымалы бөлімінің бастығы лауазымдарын атқарған. 2022 жылдың тамыз айынан бастап бүгінгі күнге дейін Алматы облысының Кәсіпкерлік, индустрия — инновациялық даму басқармасының басшысы лауазымында қызмет еткен.
Алмаз Ыдырысов Ұлытау облысы әкімінің бірінші орынбасары болып тағайындалды.
Алмаз Серікболұлы Ыдырысов 1983 жылы туған. Қарағанды мемлекеттік техникалық университетін тәмамдаған.
Еңбек жолын «Ремстрой сервис-АС» ЖШС-де жол жұмысшысы болып бастаған. 2005–2006 жылдары «Қазақавтожол» РМК өндірістік-техникалық бөлімінің жетекші маманы қызметін атқарды. Кейінгі жылдары мемлекеттік басқару жүйесінде түрлі лауазымдарда жұмыс істеді. 2006–2014 жылдары ҚР Көлік және коммуникациялар министрлігінде бас маман, бас сарапшы және басшылық қызметтерді атқарды. 2014–2016 жылдары «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ Солтүстік Қазақстан облыстық филиалы директорының орынбасары болды. Одан кейін ҚР Инвестициялар және даму министрлігінің Әкімшілік жұмыс департаментін басқарды. 2017–2019 жылдары ҚР Инвестициялар және даму министрлігі Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері комитеті төрағасының орынбасары қызметін атқарды. Сонымен қатар ҚР Бас мемлекеттік құрылыс инспекторының орынбасары міндетін орындады. 2019–2022 жылдары ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері комитеті төрағасының орынбасары, кейін төрағасы болды. 2022–2023 жылдары Алмаз Ыдырысов ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму вице-министрі қызметін атқарды. 2023 жылдан бастап қазіргі тағайындауына дейін Ұлытау облысы әкімінің орынбасары болып жұмыс істеді. Енді ол өңірдегі қызметін облыс әкімінің бірінші орынбасары лауазымында жалғастырады.
Болат Жұмабеков Ұлытау облысы әкімінің орынбасары болып тағайындалды.
Ол 1972 жылы туған. Ақмола ауыл шаруашылығы институтын және Манаш Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университетін тәмамдаған. Қазақстан Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының магистрі дәрежесіне ие.
Еңбек жолын 1997 жылы Солтүстік Қазақстан облысы Тимирязев ауданы әкімінің аппаратында бас маман қызметінен бастаған.
1999–2005 жылдары Солтүстік Қазақстан облыстық Жер ресурстарын басқару комитеті филиалында түрлі лауазымдар атқарды. 2005–2009 жылдары Тимирязев ауданының Ауыл шаруашылығы және жер қатынастары бөлімін басқарды. Кейін аудан әкімі болып тағайындалды. 2009–2012 жылдары Солтүстік Қазақстан облысы әкімінің аппарат жетекшісі, одан кейін өңір әкімінің орынбасары қызметтерін атқарды. 2012–2022 жылдар аралығында Солтүстік Қазақстан облысында басшылық қызметтерде жұмыс істеді. Петропавл қаласының, сондай-ақ Қызылжар ауданы мен Ғабит Мүсірепов атындағы аудан әкімі болды. 2022–2024 жылдары коммерциялық секторда еңбек етті. 2024 жылдан бастап қазіргі тағайындауға дейін Ауыл шаруашылығы министрлігіне қарасты «ҚазАгроЭксперт» АҚ басқарма төрағасы қызметін атқарды.
Ербол Күмісқожаев Ұлытау облысы қоғамдық даму басқармасының басшысы болды.
Ербол Серікбайұлы 1986 жылы дүниеге келген. Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетін және Халық шаруашылығы университетін тәмамдаған. Еңбек жолын 2009 жылы Алматы қаласы Ішкі саясат басқармасында жетекші маман қызметінен бастаған. Кейінгі жылдары бас маман және бөлім басшысы лауазымдарын атқарды. 2013 жылы Қызылорда облысы Ішкі саясат басқармасының басшысы болып тағайындалды. 2014 жылы Қазақстан Республикасы Ұлттық кәсіпкерлер палатасының «Атамекен» Қызылорда облысы бойынша филиалы директорының орынбасары қызметін атқарды. Сол жылы «Нұр RK» компаниясын басқарды. Аталған ұйымға 2017 жылға дейін жетекшілік етті.
2017–2021 жылдары Алматы қаласындағы «Amanat» партиясы Наурызбай аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары болды. 2021–2023 жылдары Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігі Философия, саясаттану және дінтану институтының ақпараттық-ұйымдастыру орталығын басқарды. 2023–2024 жылдары АҚШ-тағы Ohio University университетінде тағылымдамадан өтті. 2024–2025 жылдары Алматы облысы Алатау қаласы әкімінің аппараты мемлекеттік қызметтерді ұйымдастыру және мониторинг бөлімінің басшысы қызметін атқарды.
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі аппараты басшысының бұйрығымен Гүлбақыт Манабаева Халықты әлеуметтік қорғау саласындағы реттеу және бақылау комитеті Солтүстік Қазақстан облысы бойынша департаментінің басшысы болып тағайындалды.
СҚО әкімі баспасөз қызметінің мәліметінше, Гүлбақыт Манабаева 1982 жылы СҚО-да туған. 2004 жылы М. Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университетін «Биология-химия» мамандығы бойынша, 2007 жылы Орталық Азия университетін «Юриспруденция» мамандығы бойынша тәмамдаған.
Еңбек жолын 2004 жылы Петропавлдағы қалалық классикалық гимназияда химия пәнінің мұғалімі болып бастаған. 2011-2024 жылдары СҚО Бақылау және әлеуметтік қорғау департаментінің бас маманы, бөлім басшысы, басшы орынбасары қызметтерін атқарды. Осы тағайындауға дейін Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Еңбек және әлеуметтік қорғау комитетінің бас сарапшысы болып жұмыс істеді.
ҚР Президенті Әкімшілігінің келісімімен және қала әкімінің өкімімен Шымкент қаласының Ішкі саясат басқармасының басшысы лауазымына Азамат Парманов тағайындалды.
Азамат Парманов 1991 жылы Оңтүстік Қазақстан облысы, Қазығұрт ауданы, Тұрбат ауылында дүниеге келген. Білімі жоғары. Қазақ гуманитарлық Заң университетін, Қазтұтынуодағы Қарағанды университетін бітірген, мамандығы бойынша біліктілігі — есеп және аудит, құқықтану.
Еңбек жолын 2014 жылы Солтүстік Қазақстан облысы, Уәлиханов аудандық мемлекеттік кірістер басқармасы салық төлеушілермен жұмыс және өндіріп алу бөлімінің бас маманы болып бастаған. 2016 жылға дейін СҚО және Астана қаласында мемлекеттік кірістер басқармасында жауапты қызметтер атқарды. 2016-2017 жылдары Шымкент қаласы Еңбекші ауданы әкімінің аппараты халықпен жұмыс жүргізу бөлімінің бас маманы, 2017-2018 жылдары Шымкент қаласы әкімінің аппараты ұйымдастыру-инспекторлық бөлімнің бас инспекторы, 2018-2025 жылдары Шымкент қаласы Қаратау ауданы әкімі аппаратының басшысы, аудан әкімінің орынбасары болды.2025 жылдың ақпан-желтоқсан аралығында Шымкент қаласы Еңбекші ауданы әкімінің орынбасары болып еңбек етті. Бүгінге дейін Шымкент қаласының жастар саясаты басқармасының басшысы қызметін атқарып келді.
Шымкент қаласында кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық даму басқармасы мен балалар құқығын қорғау басқармасының басшылары тағайындалды. Меритократия қағидатына сәйкес қала әкімінің өкімімен Шымкент қаласының кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық даму басқармасының басшысы лауазымына Ермек Тұрманов кірісті.
Ермек Тұрманов 1993 жылы Шымкент қаласында туған. Білімі жоғары. Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетін және Аймақтық әлеуметтік инновациялық университетін әлемдік экономика, құқықтану мамандықтары бойынша тәмамдаған. Еңбек жолын 2015 жылы Еңбекші ауданы әкімінің аппаратында бастаған. 2016-2018 жылдары Шымкент қаласының кәсіпкерлік бөлімі өнеркәсіп, шағын, орта бизнес және сыртқы экономикалық байланыс секторының бас маманы болып қызмет атқарды. 2018-2023 жылдары Шымкент қаласының кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық даму басқармасының жетекші маманы, бас маманы, бөлім басшысы болып еңбек етті. Бүгінге дейін аталған басқарма басшысының орынбасары қызметін атқарып келді.
Қазақстан Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің келісімі бойынша, қала әкімінің өкімімен Шымкент қаласының балалар құқығын қорғау басқармасының басшысы лауазымына Мөлдір Кеуенова тағайындалды.
Мөлдір Кеуенова 1985 жылы Оңтүстік Қазақстан облысы, Төле би ауданында туған. Білімі жоғары. М.Әуезов атындағы ОҚМУ және Ж.Тәшенов атындағы университетін тарих, құқық және экономика негіздері, құқықтану мамандығы бойынша тәмамдаған. Ж.Тәшенов атындағы университетті заңгер мамандығы бойынша бітірген.
Еңбек жолын 2007 жылы Шымкент университетінде «Тарих және география» кафедрасының оқытушысы болып бастаған. Әр жылдары мемлекеттік қызмет саласында еңбек етіп, Шымкент қаласының ішкі саясат бағыты бойынша түрлі лауазымдарда қызмет атқарды. 2011 жылы Ішкі саясат бөлімінің жетекші маманы болып бастап, бас маман, сектор меңгерушісі, Ішкі саясат басқармасы басшысының орынбасары болды.Сондай-ақ бірнеше жыл Шымкент қаласы әкімінің аппараты ұйымдастыру-инспекторлық бөлімінің басшысы, ұйымдастыру-бақылау жұмысы бөлімінің бас инспекторы, Ішкі саясат және дін істері басқармасы басшысының орынбасары, мәдениет, тілдерді дамыту және архивтер басқармасы басшысының орынбасары, Ішкі саясат және жастар істері жөніндегі басқармасы басшысының орынбасары қызметтерін атқарды. 2025 жылғы 24 қарашадан бастап бүгінге дейін Шымкент қаласы ішкі саясат басқармасы басшысының орынбасары лауазымында еңбек етіп келді.
БҚО-да бірқатар судья мен сот төрағалары тағайындалды. Қазақстан Республикасы Президентінің 2026 жылғы 9 маусымдағы № 1312 Жарлығымен Алтынбек Құспанов Бөрлі аудандық сотының төрағасы болып тағайындалды.
Алтынбек Жақсылықұлы еңбек жолын Батыс Қазақстан облыстық сотында маман және жетекші маман ретінде бастаған. Кейін Бөкей ордасы аудандық сотының бас маман — сот отырысының хатшысы, Жәнібек аудандық соты кеңсесінің меңгерушісі, БҚО соты кеңсесінің бақылау және құжаттамалық қамтамасыз ету бөлімінің басшысы қызметтерін атқарған. Кейін Орал қаласының № 2 сотының судьясы және Теректі аудандық сотының төрағасы болды.
Әсиля Биссалиева Теректі аудандық сотының төрағасы болып ауысты. Ол еңбек жолын Батыс Қазақстан облысының прокуратура органдарында бастаған. Орал қаласының мамандандырылған әкімшілік сотында бас маман, сот отырысының хатшысы болды. Кейін БҚО бойынша соттар әкімшісінде және Орал қаласының № 2 сотында бас маман — сот отырысының хатшысы болып жұмыс істеді. Бөрлі аудандық сотының судьясы, сондай-ақ БҚО мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының судьясы қызметтерін атқарды.
Райгүл Амангелдинова Батыс Қазақстан облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының судьясы лауазымына жаңадан тағайындалды. Ол 2012 жылы Қазақ гуманитарлық-заң инновациялық университетін құқықтану мамандығы бойынша тәмамдаған. Еңбек жолында Шығыс Қазақстан облысының Жарма, Ұлан, Ақсуат аудандық соттарында, Абай облысының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотында бас маман — сот отырысының хатшысы қызметін атқарған. Кейін Қазақстан Республикасы Сот әкімшілігінің Абай облысы бойынша департаменті ұйымдастыру-талдау бөлімінің бас маманы лауазымында жұмыс істеген.
Әсия Амангелдиева Орал қаласының № 2 сотының судьясы болды. Ол 2000 жылы Тараз мемлекеттік университетін құқықтану мамандығы бойынша тәмамдаған.Еңбек жолын сот жүйесінде Орталық аудандық халық сотының сот отырысының хатшысы қызметінен бастаған. Кейін Тараз қалалық сотында сот отырысының хатшысы қызметін атқарған. 2003-2026 жылдары Жамбыл облыстық адвокаттар алқасының құрамында адвокаттық қызметпен айналысты.
ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі Ветеринариялық бақылау және қадағалау комитеті БҚО аумақтық инспекциясының басшысы болып Тілек Мұқатов тағайындалды.
ҚР АШМ Ветеринариялық бақылау және қадағалау комитетінің төрағасы Қазбек Тәшімов жаңа басшыны ұжымға таныстырды. Аумақтық инспекциядан мәлім еткеніндей, Тілек Мақсотұлы 1979 жылы 28 сәуiрде Батыс Қазақстан облысы Сырым ауданында дүниеге келген. Білімі жоғары. 2001 жылы Батыс Қазақстан аграрлық университетін малдәрігерлік санитария және 2004 жылы Батыс Қазақстан тілдер және менеджмент институтын мемлекеттік және жергілікті басқару мамандығы бойынша аяқтаған.
2004-2006 жылдары ҚР АШМ Зеленов аудандық аумақтық басқармасының Рубежин, Раздольный, Мичурин селолық округі бойынша мемлекеттік ветеринариялық инспекторы, 2008-2010 жылдары БҚО ауыл шаруашылығы басқармасы мал шаруашылығы бөлімінің жетекші маманы болды. 2010-2011 жылдары ҚР АШМ Агроөнеркәсіптік кешендегі мемлекеттік инспекция комитетінің БҚО аумақтық инспекциясы мемлекеттік ветеринариялық инспекциясы бөлімінің бас маманы, 2012-2013 жылдары Ветеринариялық бақылау және қадағалау комитеті БҚО аумақтық инспекциясы биологиялық қауіпсіздік бөлімінің бас маманы, 2013-2015 жылдары осы бөлімнің басшысы қызметін атқарды.Сондай-ақ 2015-2025 жылдары Ветеринариялық бақылау және қадағалау комитеті Теректі аудандық аумақтық инспекциясының басшысы болды. 2025 жылдың 6 мамырынан бастап осы кезге дейін Ветеринариялық бақылау және қадағалау комитеті БҚО аумақтық инспекциясы басшысының орынбасары болып жұмыс істеді.
Түркістан облысында бірқатар сот төрағасы мен судьялар тағайындалды.
Түркістан облыстық сотының баспасөз қызметі мәлім еткендей, Мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының төрағасы болып Бабырхан Абуев тағайындалды. Ол 2002 жылдан бері сот жүйесінде түрлі қызметтер атқарған.
Сарыағаш аудандық сотының төрағасы лауазымына Әбдусейіт Әшірбаев тағайындалды. Еңбек жолын 2003 жылы бастап, 2017 жылға дейін сот орындаушысы қызметін атқарған. Ал 2017 жылдан бері Сайрам аудандық сотының судьясы болды. Сонымен қатар бірқатар азамат судья лауазымына тағайындалды.
Мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының судьясы болып Айгерім Паяева тағайындалды. Ол 2016 жылдан бері сот жүйесінде бас маман және сот отырысының хатшысы қызметтерін атқарған.
Жетісай аудандық сотының судьялары болып Меруерт Айтбаева мен Еркін Ибрагимов тағайындалды. Меруерт Айтбаева 2003 жылдан бері сот жүйесінде түрлі қызметтер атқарған. Ал Еркін Ибрагимов 2008-2013 жылдары «Конти-Строй» ЖШС-де заңгер болып жұмыс істеген. 2013 жылы ОҚО әскери басқармасында инспектор қызметін атқарып, 2016 жылдан бері сот жүйесінде еңбек еткен.
Сарыағаш аудандық сотының судьясы қызметіне Қарлығаш Арыстанова тағайындалды. Ол 2013 жылдан бері сот жүйесінде түрлі лауазымдарда жұмыс істеген.
Мақтаарал аудандық сотының судьясы болып Тұрлыбек Мәдиев тағайындалды. Ол 2014-2022 жылдары сот жүйесінде бас маман және сот мәжілісінің хатшысы қызметтерін атқарған. 2022-2025 жылдары Ұлттық экономика министрлігінің Әлеуметтік саланы, құқық қорғау және арнайы органдарды дамыту департаментінде бас сарапшы болып жұмыс істеген.
Атырау облысында Құрманғазы аудандық сотының төрағасы мен Атырау қаласының № 2 сотының судьясы тағайындалды.
Қазақстан Республикасы Президентінің 2026 жылғы 9 маусымдағы Жарлығымен Гүлсум Тасқынбаева Құрманғазы аудандық сотының төрағасы, ал Клара Күлпейісова Атырау қаласының № 2 сотының судьясы лауазымына тағайындалған. Клара Күлпейісова еңбек жолын 2001 жылы Атырау қаласының № 2 сотында сот мәжілісінің хатшысы ретінде бастаған. Кейін Атырау облысы Соттар әкімшісінде ұйымдастыру-талдау бағыты бойынша қызмет атқарып, бөлім басшысы лауазымына дейін көтерілді. Сондай-ақ Атырау қаласының № 2 сотының кеңсе меңгерушісі болды. Соңғы жылдары Қазақстан Республикасы Сот әкімшілігінде қызмет атқарған.
Ал Гүлсум Тасқынбаева сот жүйесінде ұзақ жылдық тәжірибесі бар маман. Осы тағайындауға дейін судья қызметін атқарып, сот төрелігін жүзеге асыру саласында еңбек еткен.
Ақтөбе облыстық дін істері басқармасының басшысы ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің келісімімен тағайындалды.
Дәурен Қуаныш 2014 жылы Экономикалық-құқық колледжін құқықтану, 2023 жылы Қазақ-орыс халықаралық университетін Құқық мамандығы бойынша тәмамдаған. 2015 жылы Ақтөбе қаласының азаматтық хал актілерін тіркеу бөлімінде жетекші маман болды. Бұл оның алғашқы жұмыс орны. 2017-2021 жылдары аралығында Ақтөбе қаласы әкімі аппаратының персоналды басқарудың бірыңғай қызметінде бас маман, сондай-ақ қалалық терроризмге қарсы комиссия жұмысы жөніндегі үйлестіру бөлімінде бас маман қызметтерін атқарған. 2023 жылы Ақтөбе қаласы Алматы ауданы әкімі аппаратының кәсіпкерлікті дамыту бөлімінде бас маман болып жұмыс істеген. 2023 жылдың қараша айында Ақтөбе облыстық дін істері басқармасының конфессияаралық қатынастар бөлімінің бас маманы болып тағайындалды. Ал 2024 жылдың шілде айынан бастап осы бөлімнің басшысы қызметін атқарып келді.
Маңғыстауда Төтенше жағдайлар департаментінің жаңа басшысы тағайындалды.
Қуанар Базарбаев бұған дейін Шымкент қаласы Төтенше жағдайлар департаментінің бастығы қызметін атқарған. Ол азаматтық қорғау және төтенше жағдайлар саласында мол тәжірибеге ие. Білікті маман осы бағыттағы мемлекеттік қызмет жүйесінде ұзақ жылдар еңбек еткен.
Адам құқықтары жөніндегі уәкілдің Ақтөбе облысы бойынша өкілі тағайындалды.
Тимур Жакеев бұған дейін де осы салада еңбек етті. Көкшетау экономика және менеджмент институтын және Орталық Қазақстан академиясын бітірген.Адам құқықтары жөніндегі ұлттық орталықтың құрылымында 2025 жылдың қаңтар айынан бастап жұмыс істейді. Тағайындалғанға дейін Құқықтық және ұйымдастыру-талдау жұмысы бөлімінің кемсітушіліктің барлық нысандарын болдырмау және заңнаманы жетілдіру жөніндегі секторының бас инспекторы қызметін атқарған.
Ақтөбеде өзіне қол жұмсаған әкімнің орнына жаңасы сайланды. Кеңқияқ ауылының әкімі қызметіне Қасымхан Шуркин кірісті. Қасымхан Шуркин 1972 жылы дүниеге келген. «Кеңкияқ-СК» КМК-ның директоры. Ақтөбе облысы Темір ауданы Кеңкияқ ауылының тұрғыны. Ол «Amanat» партиясынан ұсынылған.
Артем Кучин Қазақстандағы ҚФФ Төрелік конвенциясының үйлестірушісі болып тағайындалды. Бұл қызметте ол ҚФФ Төрелік және инспекциялау департаментінен кеткен Арман Есмұратовты алмастырды.
Кучиннің міндетіне отандық футбол төрешілерін дайындау, оқыту және дамыту саласындағы УЕФА стандарттарының сақталуын бақылау кіреді.
Артем Кучин 1977 жылы 15 желтоқсанда Қарағанды қаласында дүниеге келген. Ол Премьер-лигадағы дебюттік матчын 2008 жылы 17 маусымда өткізіп, ал 2009 жылы ФИФА төрешісі мәртебесіне ие болды. Кучин Мансабында 2014 жылғы әлем чемпионатының іріктеу кезеңі, УЕФА Еуропа лигасы мен Конференция лигасының матчтарына, Қазақстан Кубогы финалдары мен Суперкубогының ойындарына, U17 және U19 Еуропа чемпионаттарының финалдық турнирлеріне, сондай-ақ УЕФА Өңірлер кубогының финалына төрелік етті.
«Астана» футбол клубының бас директоры тағайындалды.
Елордалық клубтың баспасөз қызметінің хабарлауынша, Алтай Даумовтың қазақстандық футбол саласында көпжылдық тәжірибесі бар. Бұл тағайындауға дейін ол Қазақстан футбол федерациясының құрылымында түрлі қызметтер атқарған, сондай-ақ ҚФФ президенті лауазымына үміткер болған.
Даумов UEFA CFM (Certificate in Football Management) бағдарламасының дипломына ие және Қазақ спорт және туризм академиясында «Спорттық менеджмент» мамандығы бойынша докторантураны тәмамдаған.
Бұған дейін ол «Жетісу» футбол клубында коммерциялық директор қызметін атқарды. Сондай-ақ Қазақстан халықаралық футбол мектебін құруға қатысып, Қазақ спорт және туризм академиясы жанындағы футбол клубын басқарды. Ол 2024 жылдың соңында Қазақстан футбол федерациясы президентінің сайлауына қатысып, отандық футболды реформалау бағдарламасын ұсынған болатын.