Шерзат Болаттың өлімі: 2 қыз күдікті емес

АСТАНА. KAZINFORM – Шерзат Болаттың өлімі орын алған жерде болған 2 қыз күдікті ретінде ұсталған жоқ. Бұл туралы Қонаев қаласында өтіп жатқан брифингте Ішкі істер министрлігінің Тергеу департаменті бастығының орынбасары Самат Аисов айтты.

Полиция
Фото: Виктор Федюнин/ Kazinform

Брифинг барысында БАҚ өкілдері «Шерзаттың әкесі көшені жапқан кезде 2 қыз тергеуде куәгер екенін айтқан еді. Қазіргі уақытта да осы екі қыз куәгер немесе күдікті ретінде қарастырылып отыр ма? Жалпы, осы оқиғадан кейін жауапты тұлғаларға шара қолданылды ма?», - деп сұраған еді.

Самат Аисовтың айтуынша, аталған екі қызды ұстауға ешқандай себеп жоқ.

«Қыздар бойынша қазіргі таңда олар күдікті ретінде танылмады. Оған ешқандай себеп жоқ. Ал қызметкерлерге қатысты қызметтік тексеріс өткізіледі. Әр қызметкердің ісіне баға берілгеннен кейін толық ақпарат ұсынамыз», - деді ол.

Еске салайық,4 қазанда Талғар қаласындағы төбелестен бір адам қайтыс болғанын жазғанбыз.

Ашулы талғарлықтар жасөспірім өліміне байланысты наразылыққа шықты.

Алматы облысының Прокуратурасы кісі өлтіру туралы бұл іс ерекше бақылауға алынғанын ресми түрде хабарлады.

Ішкі істер министрі Ержан Сәденов Алматы облысы Талғар ауданындағы жасөспірімнің өліміне қатысты істі жеке бақылауына алды.

Сондай-ақ, құқық қорғаушы Айтбек Амангелді қаза тапқан жасөспірімнің отбасына адвокаттар тауып берді.

Алматы облыстық полиция департаменті бастығының міндетін атқарушы Серік Шалқаров бейнебақылау камераларынан алынған жазбалар зерттеліп жатқанын жеткізді.

12 қазан күні түнде қара жамылған отбасының үйі өртеніп кетті. Алматы облысының Полиция департаменті бөтеннің мүлкін қасақана жою фактісі бойынша іс қозғады.

Сондай-ақ, Бас прокуратура қылмысты ашу үшін ведомствоаралық жедел-тергеу тобы құрылғанын мәлімдеді.

Ішкі істер министрінің бірінші орынбасары Бауыржан Аленов марқұм Шерзат Болаттың үйін өртеу оқиғасын тергеу тобымен Талғарға барды.

Кейін Ішкі істер министрінің бірінші орынбасары Бауыржан Аленов өрт қылмысы бойынша айғақтар алынып, тиісті сараптамалар жүргізіліп жатқанын хабарлады.

Қоғамдық тәртіпті қадағалау үшін Ұлттық ұлан әскері жұмылдырылды.