Үкімет құрамы толықтай жасақталды: қай салаларға жаңа министрлер келді
АСТАНА. KAZINFORM — Премьер-министр орынбасарлары мен министрлер толықтай тағайындалып, Үкіметтің жаңа құрамы белгілі болды. Министрлердің басым бөлігі қызметінде қалды. Дегенмен, кей салалардың министрлері ауысты.
Еске салайық, дүйсенбі, 31 тамыз күні Құрылтайдың жалпы отырысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Үкімет басшысы лауазымына Олжас Бектеновтің кандидатурасын ұсынған еді.
Сол күні Президент тиісті жарлыққа қол қойып, Бектенов Премьер-министр лауазымына қайта тағайындалды.
Премьер-министрдің орынбасарлары кімдер
Бүгін Үкімет басшысының орынбасары қызметін кімдер атқаратыны жарияланды.
Қазақстан Республикасы Премьер-министрінің бірінші орынбасары лауазымына Нұрлыбек Нәлібаев тағайындалды.
Тиісті Жарлыққа Президент Қасым-Жомарт Тоқаев қол қойды.
— Нұрлыбек Машбекұлы Нәлібаев Қазақстан Республикасы Премьер-министрінің бірінші орынбасары лауазымына тағайындалсын, — делінген құжатта.
Айта кетейік, ол аталған қызметті биылғы мамыр айынан бастап атқарған еді. Енді осы лауазымын жалғастырмақ.
Сонымен қатар, Ғалымжан Қойшыбаев та қызметінде қалды. Ол Премьер-министрдің орынбасары — Үкімет Аппаратының басшысы болып тағайындалды.
— Мемлекет басшысының Жарлығымен Ғалымжан Тельманұлы Қойшыбаев Қазақстан Республикасы Премьер-министрінің орынбасары — Үкімет Аппаратының басшысы лауазымына тағайындалды, — деп хабарлады Ақорданың баспасөз қызметі.
Ал Қанат Бозымбаев Премьер-министрдің орынбасары болып қала береді.
— Мемлекет басшысының Жарлығымен Қанат Алдабергенұлы Бозымбаев Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары лауазымына тағайындалды, — деп ақпарат таратты Ақорданың баспасөз қызметі.
Серік Жұманғарин де бұрынғы жұмысын жалғастырады. Президент Жарлығымен ол Премьер-министрдің орынбасары — Ұлттық экономика министрі қызметіне қайта тағайындалды.
Қай салаларға жаңа министрлер тағайындалды
ҚР Сыртқы істер министрі қызметін енді Мұхтар Тілеуберді атқарады.
Мұның алдында ол 2023 жылдан бастап Қазақстан Республикасының Аустрия Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі, Қазақстан Республикасының Вена қаласындағы халықаралық ұйымдар жанындағы Тұрақты өкілі болған еді.
Ал Мұрат Мұханов Төтенше жағдайлар министрі болып тағайындалды.
Ол 2024 жылдың сәуір айынан бастап ҚР ТЖМ Маңғыстау облысы Төтенше жағдайлар департаментінің бастығы қызметін атқарған болатын.
Экология және табиғи ресурстар саласына да жаңа министр келді. Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі мәлім етті.
— Мемлекет басшысының Жарлығымен Әлібек Сакенұлы Қуантыров Қазақстан Республикасының Экология және табиғи ресурстар министрі болып тағайындалды, ол бұрынғы атқарған лауазымынан босатылды, — делінген хабарламада.
Сонымен қатар, Мәдениет және ақпарат саласына жаңа министр тағайындалды. Енді бұл лауазымды Арман Қырықбаев атқарады.
Ол бұған дейін ҚР Президентінің ішкі саясат мәселелері және коммуникациялар жөніндегі көмекшісі болған еді.
Қай салалардың министрлері жұмысын жалғастырады
2025 жылдың маусым айынан бастап Қорғаныс министрі болған Дәурен Қосанов сол лауазымына қайта тағайындалды.
Мемлекет басшысының жарлығымен Ержан Сәденов те орнында қалды.
Ол — 2023 жылдан бері Ішкі істер министрі.
Ал Жаслан Мәдиев Жасанды интеллект және цифрлық даму министрі лауазымына қайта тағайындалып, осы бағыттағы жұмысын жалғастырады.
Қаржы секторының басшысы да ауысқан жоқ. Мәди Такиев Қаржы министрлігін одан әрі басқара береді.
Көлік саласында да ауыс-түйіс болған жоқ. Президент жарлығымен Нұрлан Сауранбаев Көлік министрі қызметінде қалды.
Ал Ерлан Сәрсембаев Әділет министрі болып қайта тағайындалды.
Тиісті Жарлыққа Қасым-Жомарт Тоқаев қол қойды.
— Ерлан Жақсылықұлы Сәрсембаев Қазақстан Республикасының Әділет министрі лауазымына тағайындалсын, — делінген құжатта.
Сонымен бірге, Ерлан Ақкенженов Энергетика министрі болып қайта тағайындалды.
Ол бұл лауазымды 2025 жылдың наурыз айынан бері атқарып келеді.
Ерсайын Нағаспаев та жұмысын жалғастырады. Ол Өнеркәсіп және құрылыс министрі қызметінде қалды.
Былтырғы қыркүйектен Оқу-ағарту министрі болған Жұлдыз Сүлейменова Президент Жарлығымен саланы одан әрі басқара береді.
Сауда және интеграция министрі де ауысқан жоқ. Бұл лауазымға Арман Шаққалиев қайта тағайындалды.
Ал Нұржан Нұржігітов Су ресурстары және ирригация министрі ретіндегі қызметін жалғастырады. Сала тізгінін ол үш жыл бұрын қолға алған еді.
Қасым-Жомарт Тоқаев Ақмарал Әлназароваға Денсаулық сақтау саласын одан әрі ілгерілетуге мүмкіндік берді.
— Мемлекет басшысының Жарлығымен Ақмарал Шәріпбайқызы Әлназарова Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау министрі лауазымына тағайындалды, — деп хабарлады Ақорданың баспасөз қызметі.
Сондай-ақ, Айдарбек Сапаров Ауыл шаруашылығы министрі қызметінде қалды.
Ол сала министрі ретінде қызметіне 2023 жылдың қыркүйегінде кіріскен еді.
2026 жылғы 27 қаңтардан бастап ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі қызметін атқарған Асқарбек Ертаев та жұмысын жалғастырады.
Ербол Мырзабосынов та орнында қалды. Ол Туризм және спорт министрі лауазымына қайта тағайындалды.
Ал Саясат Нұрбек Ғылым және жоғары білім министрі ретінде одан әрі жұмыс істейді.
Айта кетейік, бұған дейін Аида Балаева жаңа қызметке тағайындалғанын жазғанбыз.
Ал Ринат Мұхаметқали ҚР Президенті Әкімшілігінің Жалпы бөлімінің меңгерушісі лауазымына тағайындалды.