Арысты қалпына келтіру бойынша кешенді 10 шара іске асырылады - Мамин

None
None
АРЫС. ҚазАқпарат - Арыс қаласындағы жағдаймен танысқан ҚР Премьер-Министрі Асқар Мамин төтенше жағдайлар салдарын жою жөніндегі Үкіметтік комиссия отырысын өткізді. Оның құрамына министрліктер мен облыстық әкімдіктердің басшылары енген, деп хабарлайды ҚазАқпарат primeminister.kz сайтына сілтеме жасап.

Ағымдағы жағдай мен төтенше жағдай салдарын жою бойынша қабылданып жатқан шаралар туралы ҚР қорғаныс министрі Н. Ермекбаев, ішкі істер министрі Е. Тұрғымбаев, денсаулық сақтау министрі Е. Біртанов, еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Б. Сапарбаев, білім және ғылым министрі А. Аймағамбетов, экология, геология және табиғи ресурстар министрі М. Мырзағалиев, Түркістан облысының әкімі Ө. Шөкеев, Павлодар облысының әкімі Б. Бақауов баяндады.

ҚР Премьер-Министрі А. Маминге қазіргі уақытта қала аумағын инженерлік барлау, минасыздандыру бойынша жұмыстар жалғастырылып жатқаны, өрт сөндіру ескерілгені, азаматтарды өз үйлеріне қайтару және олардың мал-мүлкінің қорғалуын қамтамасыз ету бойынша шаралар қабылданып жатқаны туралы баяндалды. Аумақтарға жүргізілген тексерулер экологиялық жағдайға қауіп төніп тұрмағанын көрсетті.

«Өздеріңіз білетіндей, Елбасы мен Мемлекет басшысы қаланы жедел қалпына келтіруді тапсырған болатын. Бізге Арыс қаласын шұғыл қалпына келтіру бойынша барлық күш-жігерімізді жұмылдыру қажет. Біз Арыс қаласындағы барлық зақым көрген және бұзылған нысандарды 2019 жылдың 1 тамызына дейін жөндеп бітуіміз керек. Барлық міндеттер оңтайлы, сапалы әрі уақытылы орындалуы керек», - деді ҚР Премьер-Министрі.

Қаланы қалпына келтіруге еліміздің барлық өңірлері атсалысады. Зардап шеккен тұрғын үй ғимараттары облыстар арасында бөлінеді, олар құрылыс бригадаларын жіберуі керек. Арыс қаласына барлық облыстардың, Нұр-Сұлтан және Алматы қалалаларының әкімдерінің орынбасарлары құрылыс жұмыстарын ұйымдастыру үшін келді. Мемлекеттік материалдық қордан барлық құрылыс материалдары бөлінген.

Кеңес қорытындысы бойынша ҚР Үкіметінің басшысы А. Мамин қаланың тіршілігін қалыпқа келтіру және оның әлеуметтік-экономикалық дамуын қамтамасыз ету үшін 10 кешенді шараны атап айтты.

1. Бір ай ішінде қаладағы барлық тұрғын үйлерді жөндеп бітіру;

2. Қосымша әлеуметтік қолдау шаралары ретінде қаланың әрбір тұрғынына (44 тыс. 781 человек) бір мезеттік 100 мың теңге көлемінде өтемақы төлеу;

3. Арыс қаласынан 4 мың бала сауықтыру лагерлеріне жіберіледі;

4. Әлеуметтік нысандарды жөндеуді ұлттық компаниялардың көмегімен іске асыру көзделген, сондай-ақ құрылыс жұмыстарына ірі өнеркәсіптік кәсіпорындар мен бизенс қауымдастық тартылатын болады. 66 әлеуметтік нысанды «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ» жөндейді.

5. Бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі аясында 300-ден астам ШОБ кәсіпорнына «Атамекен» ҰКП арқылы ірі бизнес қаражаты есебінен қалпына келтіру және жөндеу жұмыстарында көмек көрсетіледі;

6. Қала кәсіпкерлеріне а.ж. 1 шілдесінен бастап 5 млн теңгеге дейін жеңілдікпен несиелер беріледі. Биылғы жылдың соңына дейін салықтық каникулдар ұсынылады;

7. Инженерлік инфрақұрылыма, электрмен жабдықтау және байланыс ҚР Үкіметінің қорынан қаражат есебінен қалпына келтіріледі;

8. Газ және сумен жабдықтау жүйелерін жаңғырту және қайта жөндеу жоспарланған;

9. Медициналық қызмет көрсету сапасын арттыру мақсатында қала тұрғындарына арналған аурухана мен екі емхана салынады;

10. 2 апта бойы қару-жарақтар әкетіле бастайды. Арсенал қайта орналастырылады.

Алдын ала бағалаулар бойынша, 104 көпқабатты тұрғын үй, 7 200-ге жуық жеке меншік үй, 14 мектеп, 2 аурухана, 28 балабақша, аумақтық мемлекеттік органдар ғимараттары зардап шеккен.

Айта кетейік, бүгін Премьер-Министрі Асқар Мамин Арыс қаласына келді. Республикалық комиссияның отырысы барысында қаланың әрбір тұрғынына 100 мың теңгеден берілетіні айтылды. Сондай-ақ Арыс толығымен бір айдың көлемінде қалпына келтіріліп, жаңадан аурухана бой көтереді, газ жүйелері тартылады. Жарылыс салдарынан зардап шеккен 7700-ден астам тұрғын үй толық жөндеуден өтеді. Үкімет басшысы Арысты қалпына келтіру бойынша жұмыстардың барлығын сапалы әрі уақытылы орындауды тапсырды.

Еске сала кетсек, Арыс қаласындағы әскери бөлімнің қоймасында 24 маусым күні таңертең жарылыс болды. Салдарынан үш адам қаза тапты - Арыс тұрғыны мен екі әскери қызметші. 170-ке жуық адам зардап шекті. 20-ға жуық үй, 9 қора-қопсы жанып, далалы аумақта 14 ошақ тұтанды. Үй-жайлар мен ғимараттардың 80-90 пайызына әртүрлі деңгейде зақым келді. Бірқатар өңірде шұғыл желілер құрылды.

Түркістан облысына арнайы барған Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Арыстағы әскери бөлімшедегі оқ-дәрі қоймасындағы жарылыстан зардап шеккен қала тұрғындарымен кездесіп, қаланың қалпына келтірілетініне уәде берді. Сондай-ақ Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Арыстағы жағдайға алаңдаушылық білдірді. Тұңғыш Президенттің төрағалығымен Қауіпсіздік кеңесінің отырысы өтіп, онда Арыс қаласындағы ахуал талқыланды.

Үкімет отырысында Премьер-Министр Асқар Мамин жарылыс салдарынан көз жұмғандардың туған-туыстарына көңіл айтып, тұрғындарға барлық көмек көрсетілетінін айтты. Келтірілген залалдың көлемі бағаланып, Үкімет резервінен ақша бөлінеді.

Эвакуациялау кезінде мыңнан астам ата-ана баларынан көз жазып қалды. Сәбилердің барлығы туыс-туғандарына дін-аман тапсырылды.

Факті бойынша қылмыстық іс қозғады.

Қаладағы төтенше жағдай жолаушылар пойыздарының кестесіне де әсер етті, оның ішінде халықаралық пойыздар бар.

25 маусым, сағат 12.00-дегі жағдай бойынша әскери бөлім аумағында жарылыстар тоқтады. Дегенмен, оқ-дәрілер сақталатын қоймалардың аумағында бықсыған оттың ошақтары байқалғандықтан, ҚР Ішкі істер министрлігі жарылыстардың қайталану қаупі сақталып отырғанын ескертті. ҚР Қорғаныс министрлігінің әскери-инженерлік қызметшілері Арыс қаласын минадан тазалау жұмыстарын жүргізді. Снарядтардың дені тұрғын үй алқаптарына түскен.

Арыс тұрғындарына көмек қолын созу мақсатында елімізде «Арыс, біз біргеміз» акциясы бастау алды.

27 маусым, кешкі уақыттағы жағдай бойынша, Арыста өрт ошақтары толығымен сөндірілді. Бұл туралы журналистерге арналған брифингте мәлім етілді. Оған Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев, «Nur Otan» партиясы Төрағасының бірінші орынбасары Мәулен Әшімбаев, ҚР Қорғаныс министрінің орынбасары Бақыт Құрманбаев, ҚР ІІМ Төтенше жағдайлар комитетінің төрағасы Владимир Беккер, еліміздің бас санитары Жандарбек Бекшин, прокуратура және ветеринария саласының өкілдері қатысты

Бас санитарлық дәрігер қалада радиацияның мөлшері қалыпты нормада екенін айтты. Қоғамдық орындар, қоқыс контейнерлері, нысандар толық тазаланып, дезинфекция жүргізіледі. Жарылған қоймада радиоактивті оқ-дәрілер болмағанын Қорғаныс министрлігі де мәлім етті. Қоймаларда болжаммен 30-50 жарылыс болды. Қорғаныс вице-министрі Тимур Дандыбаев стратегиялық арсенал неліктен Арыстағы тұрғын үй кешеніне жақын орналасқанын түсіндірді.

27 маусым күнгі ақпаратқа сәйкес, қала көшелерінен 5700-ден астам әскери снаряд табылды. Олар жойылу үшін көліктерге тиеліп, дайындалды. Жамбыл және Қызылорда облыстарынан келген арнайы мамандар дезинфекциялық жұмыстар жүргізді.

Ал, 28 маусым, таңертеңгі сағат алтыдан бастап Шымкенттегі 53 эвакуациялық пункттен Арыс тұрғындары өз үйлеріне орала бастады. Осы күні кешкі сағат 18:00-дегі жағдай бойынша, 14 мың арыстық үйлеріне жетті.

ҚР Қорғаныс министрлігі қала аумағы жарылғыш заттардан толық тазартылғанын мәлім етті. Дегенмен, саперлар жұмыстарын жалғастыратын болады.

28 маусым күні ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мырзағалиев Арыстағы атмосфералық ауаның таза, су және топырақтың ластанбағанын, радиацияның жоқтығын тағы бір мәлімдеді.

Арыс теміржол станциясының бас жолдарында қозғалыс қалпына келтірілді.

Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев бір ай бойы Арыс қаласында тұрып, қаланы қалпына келтіру жұмыстарын жеке қадағалайтыны анықталды.

29 маусым, таңертеңгі уақыттағы жағдай бойынша, Шымкент қаласы мен Түркістан облысының аудандарындағы эвакуациялық бекеттерде болған Арыс тұрғындары толығымен үйлеріне оралды.

Соңғы жаңалықтар