Талғар ісінің ушығуына Бауыржан Әленов те жауапты — депутат

АСТАНА. KAZINFORM — Kazinform тілшісі Парламент Мәжілісі Заңнама және сот-құқықтық реформа комитетінің мүшесі Қайрат Балабиевтен Талғар оқиғасындағы құқық қорғау өкілдерінің әрекетіне прокуратура саласындағы тәжірибесіне сүйеніп баға беруін сұрады.

депутат
Фото: Parlam.kz

«Оқиғаның бүкіл астарын құқық қорғау органдарының басшылары тексеретін шығар. Бірақ енді өздеріңіз көріп отырсыздар, аудан әкімдігі мен өңірлік полиция қызметінің басшылығындағы біраз лауазымды тұлға, аудан прокуроры жұмыстан кетті ғой. Осының бәрі жергілікті құқық қорғау органдары мен атқарушы биліктің саясатты тұрақты ұстауда жіберіп жатқан кемшіліктерінің кесірінен болып жатыр», — деді депутат.

«Бұл жайт құқық қорғау органдары мен жергілікті криминал элементтерінің ауыз жаласып алғанын көрсетпей ме?» — деген сұраққа екіұшты жауап берді.

«Ол да болуы мүмкін. Талғар оқиғасы, былай айтқан кезде, бүкіл халық қадағалап отыратын сондай бір үлкен резонанс алып кетті. Сондықтан құқық қорғау органының басшылары бар, ҰҚК бар, бәрі қарап келешекте бұл мәселені шешеді деп ойлаймын», — деді ол.

Мәжіліс өкілі Алматы облысында жергілікті полиция, прокуратура қызметін басқаратын лауазымды тұлғалар жеткілікті деңгейде ротацияланып отыр деп есептейтінін айтты.

«Ротацияның тиімді жұмыс істеуі мерзіміне байланысты емес. Бұл жерде мен тағайындалған азаматтардың бәрі ұзақ жыл бойы жұмыс істеп жатты деп ойламаймын. Бұл жерде негізі оқиға болғаннан кейін заңды шешім қабылдану керек еді. Қысқасы, істі асқындырып жібермеу керек еді. Дер кезінде шешім қабылдап, кінәлі адамдарды қамау керек еді. Әке-шешесінің көзінше жасалған ауыр қылмыс болғаннан кейін резонансты сипат алып кетеді-ау деп ойлау қажет еді. Соның алдын алу керек еді», — деді Қайрат Балабиев.

«Оқиға болып жатқан кезде қазіргі Ішкі істер министрінің бірінші орынбасары Бауыржан Әленов сол өңірдің полиция департаментін басқарып тұрды. Осындай олқылықтарға жол берген маманның ішкі істер саласындағы екінші адам болып отыруы қаншалықты орынды?» — деген сұраққа депутат басшылар жан-жақты қарап шешім қабылдау керектігін айтты.

«Бұл әлеуметтік желіде жазылып жатыр. Менің ойымша, Мемлекет басшысы, құқық қорғау органдарының басшылары жан-жақты қарап шешім қабылдайды деп ойлаймын. Мысалы, ол тағайындалған кісінің бұл оқиғаға кінәсі де болмауы мүмкін. Бір жағынан сол өңірде істегеннен кейін бәрібір ол да жауапты. Ол кісі Талғардың бүкіл саяси ахуалын біледі ғой, негізі шұғыл тапсырма беріп, заңды шешімдер қабылдағанда мұндай нәрсе болмауы да мүмкін еді. Өздеріңіз көріп отырсыздар. Бізде кейін барып шешім қабылдап жатады. Қазір 11 адам қамалды. Бірден дұрыс құқықтық баға беріліп, 11 адам сол кезде түгел қамалса, айқай-шу мұндай дәрежеге жетпес еді», — деді Қайрат Балабиев.

Еске салайық, 4 қазанда Талғар қаласындағы төбелестен бір адам қайтыс болғанын жазғанбыз.

Ашулы талғарлықтар жасөспірім өліміне байланысты наразылыққа шықты.

Алматы облысының Прокуратурасы кісі өлтіру туралы бұл іс ерекше бақылауға алынғанын ресми түрде хабарлады.

Ішкі істер министрі Ержан Сәденов Алматы облысы Талғар ауданындағы жасөспірімнің өліміне қатысты істі жеке бақылауына алды.

Сондай-ақ, құқық қорғаушы Айтбек Амангелді қаза тапқан жасөспірімнің отбасына адвокаттар тауып берді.

Алматы облыстық полиция департаменті бастығының міндетін атқарушы Серік Шалқаров бейнебақылау камераларынан алынған жазбалар зерттеліп жатқанын жеткізді.

12 қазан түнде қара жамылған отбасының үйі өртеніп кетті. Алматы облысының Полиция департаменті бөтеннің мүлкін қасақана жою фактісі бойынша іс қозғады.

Сондай-ақ Бас прокуратура қылмысты ашу үшін ведомствоаралық жедел-тергеу тобы құрылғанын мәлімдеді.

Кейін Ішкі істер министрінің бірінші орынбасары Бауыржан Аленов өрт қылмысы бойынша айғақтар алынып, тиісті сараптамалар жүргізіліп жатқанын хабарлады.

Қоғамдық тәртіпті қадағалау үшін Ұлттық ұлан әскері жұмылдырылды.

15 қазан күні Талғар қаласының әкімі Бахыт Қуатбекұлы Күрішбеков, Талғар қаласы әкімінің орынбасары Матан Сағындық өз міндеттерін тиісті деңгейде атқармағаны үшін лауазымдарынан босатылды.

Артынша, Талғар ауданы әкімі аппаратының басшысы Аслан Қасымбаев қызметінен қуылды. Ал,Талғар ауданының әкімі Танат Есенкелдіұлы Айдарбеков және оның орынбасары Айбек Дүйсембекұлы Бидаев сөгіс алды.

Ішкі істер министрлігінің өкілдері БАҚ қызметкерлеріне Шерзат Болат қаза тапқан жерде камераға түсіп қалған видеоны көрсетті.

Прокуратура соттың ашық өтуін сұрайтындарын жеткізді.

Артынша марқұм Шерзат Болаттың ісі бойынша Алматы облысының бірнеше жоғары лауазымды полиция қызметкері қызметінен босатылды.

Соңғы жаңалықтар