Үкімет жылыту маусымындағы өрт қауіпсіздігі шараларын пысықтайды
АСТАНА. KAZINFORM – Бүгін сағат 9:00-де Үкімет отырысы өтеді. Онда Министрлер кабинеті мүшелері ақпараттық және телекоммуникациялық инфрақұрылымды дамыту және жылыту маусымындағы өрт қауіпсіздігі шараларын талқыға салады.

Отырыс қорытындысы бойынша өтетін баспасөз конференциясына:
- Жасанды интеллект және цифрлық даму вице-министрі Досжан Мұсалиев;
- «Қазақтелеком» АҚ бас әкімшілік директоры Ержан Мейрамов;
- «Кселл» АҚ басқарма төрағасы, бас атқарушы директор Асқар Жамбакин;
- Beeline Kazakhstan холдингінің президенті Евгений Настрадин;
- «Мобайл Телеком-Сервис» басқарма төрағасы Александр Бабичев БАҚ өкілдері тарапынан туындайтын сауалдарға жауап береді.
Айта кетейік, өткен аптадағы Үкімет отырысында 2025 жылғы қаңтар-қыркүйек айларындағы әлеуметтік-экономикалық даму қорытындылары мен республикалық бюджеттің атқарылу барысы талқыға салынды. Сол кезде Ұлттық экономика бірінші вице-министрі Азамат Әмрин осы жылдың қаңтар-тамызында сыртқы сауда айналымы 90,1 млрд долларды құрағанын айтты.

— Тауарлар экспорты 50,2 млрд доллар, оның ішінде өңделген тауарлардың экспорты 18,1 млрд доллар болды. Тауарлар импорты - 40,1 млрд доллар. Әлемдік тауар нарықтарындағы төмен бағаларға қарамастан 10 млрд доллардан аса оң сауда балансы сақталады, - деді вице-министр.
Осы орайда Азамат Әмрин тұрақты экономикалық өсімді ұстап тұру мақсатында орталық және жергілікті атқарушы органдар мынадай шараларға баса назар аударуы қажеттігін айтты:
- инфрақұрылым салуға және машина жасауды қолдауға бөлінген бюджет қаражатының игерілуіне бақылауды күшейту;
- инвестициялық жобаларды қаржыландыру үшін бюджеттен «Бәйтерек» холдингіне қаражат бөлуді жалғастыру;
- осы жылдың соңына дейін өңдеу өнеркәсібінде жоспарланған инвестициялық жобалардың аяқталуын және іске қосылуын қамтамасыз ету;
- күтіліп отырған егінді толық көлемде жинауға жағдай жасау.

Ал Қаржы министр Мәди Тәкиевтің дерегінше, мемлекеттік бюджеттің кірістер көлемі 17,3 трлн теңгені құрап, жоспар 102 пайыз орындалды.
— Өткен жылмен салыстырғанда өсім қарқыны 116 пайызға жетіп, 2,4 трлн теңгені құрады. Оның ішінде республикалық бюджеттің түсім көлемі 10,5 трлн теңгені құрап, жоспар 97,3 пайыз орындалды. Өсім қарқыны өткен жылмен салыстырғанда шамамен 1,4 трлн теңгеге немесе 116 пайыз жетті, - деді ол.

Ұлттық банк төрағасының бірінші орынбасары Ерұлан Жамаубаев жыл басынан бері теңге бағамы негізгі ішкі факторлар аясында 1 АҚШ доллары үшін 549,07 теңгеге дейін 4,6 пайызға әлсірегенін, ұлттық валютаның айырбас бағамын қолдау Ұлттық қордан бюджетке берілетін трансферттерден шетел валютасын сату есебінен жүзеге асырылып отырғанын айтты.
- Оның көлемі осы жыл басынан қыркүйек айына дейін 6,6 млрд АҚШ доллары болды. Сонымен қатар 4,3 млрд АҚШ долларына алтын сатып алуды теңестіру операциялары жүзеге асырылды. Қабылданған шаралар нәтижесінде валюта нарығы қазір теңгерімді күйде сақталып отыр. Ұлттық банк теңгерімсіздіктің жинақталуын болдырмайтын икемді бағам қалыптастыру режимін ұстана береді, - деді Ерұлан Жамаубаев.

Өнеркәсіп және құрылыс министрі Ерсайын Нағаспаевтың дерегінше, машина жасау саласы көлік құралдары, ауыл шаруашылық техникасы, және түрлі жабдықтар өндірісінің өсуінен 14 пайызға ұлғайған.
- Бұл – ішкі сұраныстың ұлғаюы, ірі инвестициялық жобалардың жүзеге асырылуы мен мемлекеттік қолдаудың нәтижесі. Сонымен қатар биыл Алматы қаласында көпбрендті жеңіл автомобиль шығаратын зауыт, Астана қаласында жолаушылар вагондарын өндіретін «Штадлер Қазақстан» кәсіпорны, Атырау қаласында жүк вагондарын шығаратын зауыт пайдалануға берілді. Сондай-ақ Қостанай қаласында KIA жеңіл автомобильдерін өндіретін зауытты іске қосу жоспарланған, - деді министр.

Энергетика министрі Ерлан Ақкенженовтің дерегінше, қаңтар-қыркүйек айларында 11,6 млн тонна мұнай өнімдері өндірілді немесе өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 110,1% көрсетті.
– Мұнай-газ химиясы өнімдерін өндіру көлемі 477,2 мың тонна немесе өткен жылдың сәйкес кезеңіне қарағанда 115,8% құрады. Биылғы жоспар – 589,7 мың тонна. Есепті кезеңде 89,9 млрд кВтсағат электр энергиясы өндірілді. Осы жылдың жоспары – 117,9 млрд кВтсағат, – деді ол.

Сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиев сауданың жоспарлы көрсеткіштеріне қол жеткізу бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстар туралы баяндады.
Оның айтуынша, 9 айда сауда саласының нақты көлем индексі 108,8% болды. Номиналды түрде сауда көлемі 52,8 трлн теңге болып, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 14,5% өсім көрсетті.
– Мұндай өсім елдің барлық өңірде байқалады. Әсіресе сауда өсіміне ең көп үлес қосқан өңірлер — Алматы, Астана, Шымкент қалалары мен Атырау және Қарағанды облыстары. Аталған бес өңірдің үлесіне жалпы сауда көлемінің 71,3% немесе 37,6 трлн теңге тиесілі, – деді А.Шаққалиев.

Ауыл шаруашылығы вице-министрі Азат Сұлтанов биыл 9 айда ауыл шаруашылығы өнімдерінің жалпы көлемі 4,4 пайызға өскенін айтты. Мұндай өсім егін шаруашылығындағы өндіріс көлемінің 5,2%-ға, мал шаруашылығында 3,4%-ға ұлғаюы есебінен болып отыр.
– Биыл шаруаларға мемлекет тарапынан бұрын-соңды болмаған қолдау көрсетіліп, агротехнологиялармен толық көлемде қамтамасыз етуге мүмкіндік жасалды. Бұл өткен жылмен салыстырғанда саладағы өндірістің өсуін қамтамасыз етті, – деді вице-министр.

Отырысты қорытындылаған Премьер-министр Олжас Бектенов әкімдерге барлық саладағы жағдайды тікелей бақылауға алуды тапсырды.
- Инфляция деңгейін төмендету үшін тұтыну бағаларын тұрақтандыру жұмысын күшейту керек. Инфляцияға сырттан келетін азық-түлік бағалары қысым көрсетіп отыр. Сондықтан ішкі нарықты отандық өніммен барынша қамтамасыз етіп, азық-түлік тауарларының тұрақтандыру қорларын жедел қалыптастырған жөн. Мемлекет басшысы атап өткендей, тұтынушылық несие беру ісін тұрақтандыру бойынша батыл шаралар қабылдау қажет, - деді Үкімет басшысы.
Ол салалық министрліктер мен ұлттық компаниялардың басшыларына ұзақ мерзімді шарттар мен офтейк-келісімдер арқылы отандық тауар өндірушілердің жүктемесін арттыру және оларды тапсырыстармен қамтамасыз ету мәселелерін тікелей бақылауға алуды тапсырды.
- Отандық шикізатты өңдеу барысында бірінші кезекте жергілікті қайта өңдеу кәсіпорындарына басымдық берілуі қажет. Жауапты мемлекеттік органдарға өңдеу секторына инвестиция тарту жұмысын күшейту үшін қолайлы жағдай жасауды тапсырамын, - деді Үкімет басшысы.

Премьер-министр 9 айдың қорытындысы бойынша инвестиция тарту жоспары 93,3 пайызға орындалғанын айтты.
- 20 өңірдің ішінде тек 11 өңір ғана нысаналы көрсеткішке қол жеткізді. Инвестицияларды қолдаудың қолда бар тетіктеріне қарамастан 9 өңір жоспарлы көрсеткіштерді орындай алмады. Бұл жағдай әкімдер төрағалық ететін Өңірлік инвестициялық штабтардың жұмысында олқылықтардың барын көрсетеді. Әр жобаға басынан аяғына дейін жеке қолдау көрсету және олардың уақтылы іске асырылуын қамтамасыз ету – аса маңызды міндет. Сыртқы істер министрлігіне, салалық министрліктер мен әкімдіктерге инвестициялық жобаларды тарту және қолдау жұмысын күшейтуді тапсырамын, - деді Олжас Бектенов.
Үкімет басшысы Қазақстанның транзиттік мүмкіндіктерін одан әрі арттыру үшін айтарлықтай әлеует бар екенін атап өтті.
- Көлік министрлігі салалық ұлттық компаниялармен бірге негізгі инфрақұрылымдық жобалардың уақтылы және сапалы іске асырылуын қамтамасыз етуі қажет. Бұл еліміздің көлік жүйесін дамытуда стратегиялық маңызға ие. Атап айтқанда, автожол желілерінде және «Алматы айналма теміржол» жобасында құрылыс жұмыстарын уақтылы аяқтау керек. Сондай-ақ «Достық-Мойынты» учаскесінде экспорттық және транзиттік тасымалдарды ұлғайту мәселесіне баса мән беру керек. Бұған қоса, шетелдік рұқсат бланкілерін электрондық форматқа көшіру бойынша жұмыстарды жалғастыру қажет. Бұл шаралар тасымалдау көлемін ұлғайтуға және көлік желісінің сапасын арттыруға мүмкіндік береді, - деді ол.

Мұнан бөлек отандық өндірушілер үшін таңбалауды жеңілдету мәселесін пысықтау керектігін атап өтті.
- Бұдан басқа, отандық онлайн алаңдарды қолдай отырып, қадағалау жүйесімен интеграциялауды қоса алғанда, электрондық сауданы дамытуға бағытталған ынталандыру жөніндегі шараларды әзірлеу қажет. Қорыта айтқанда, экономиканың тұрақты өсуі үшін барлық мемлекеттік орган мен әкімдіктер және бизнес қауымдастық жанын салып жұмыс істеп, бар күш-жігерін жұмылдыруға тиіс. Бұл міндетті шешуге қажетті құралдар бізде жеткілікті. Премьер-министрдің орынбасарларына өз бағыттары бойынша әлеуметтік-экономикалық дамудың бекітілген индикаторларының орындалуына бақылауды күшейтуді тапсырамын, – деді Олжас Бектенов.