Құрылтайдың алғашқы сессиясы: Жаңа саяси жүйенің алғашқы қадамы қалай болды

АСТАНА. KAZINFORM – Бүгін Астанада Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен бірінші шақырылымдағы Құрылтайдың алғашқы сессиясы өтті. Жиында жаңа заң шығарушы органның басшылығы мен тұрақты комитеттері жасақталып, депутаттардың алдағы жұмысының негізгі бағыттары айқындалды. Президент заң шығару сапасына, экономикалық даму мен инвестицияға, инфрақұрылымға, цифрландыруға және әлеуметтік мәселелерге қатысты бірқатар міндет қойды.

Ел аманатына адал болу – парыз: Президент Құрылтайдың алғашқы сессиясында не айтты
Фото: Ақорда

Құрылтай тізгінін Айбек Дәдебай ұстады

Бірінші шақырылымдағы Құрылтай құрамына 145 депутат кірді. Бүгінгі сессияны жай ғана ұйымдастырушылық жиын емес, жаңа саяси модельдің іс жүзінде жұмысын бастаған күн деуге болады.

Сессиядағы негізгі саяси шешімдердің бірі – Құрылтай төрағасын сайлау болды. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев бұл қызметке Айбек Дәдебайдың кандидатурасын ұсынды.

Ел аманатына адал болу – парыз: Президент Құрылтайдың алғашқы сессиясында не айтты
Фото: Ақорда

Депутаттардың дауыс беруі нәтижесінде Айбек Дәдебай бірінші шақырылымдағы Құрылтайдың төрағасы болып сайланды.

Оның мемлекеттік қызметте тәжірибесі бар. Айбек Дәдебай бұған дейін Президент Әкімшілігінде және басқа да мемлекеттік органдарда жауапты қызметтер атқарған. Оның Құрылтай төрағасы қызметіне келуі жаңа заң шығарушы органның жұмысын ұйымдастыру тұрғысынан маңызды шешім болды.

Бұдан кейін Құрылтай төрағасының үш орынбасары сайланды. Олардың қатарында «Ақ жол» партиясының төрағасы Дания Еспаева, «Әділет» партиясынан депутаттар Динара Зәкиева мен Нұрлан Бекназаров бар.

Дания Еспаева
Фото: «Ақ жол» партиясы

Дания Еспаева бұған дейін Мәжілістің соңғы шақырылымында вице-спикер қызметін атқарған.

Динара Закиева,
Видеодан кадр

Динара Зәкиева 2021-2023 жылдары Amanat партиясынан Мәжіліс депутаты болып, кейін 2023-2026 жылдары Бала құқықтары жөніндегі уәкіл қызметін атқарды. 

Нурлан Бекназаров
Фото: Сенат

Ал Нұрлан Бекназаров 2018-2026 жылдары Шымкенттен Сенат депутаты болды. Соңғы үш жылда Сенаттың Конституциялық заңнама, сот жүйесі және құқық қорғау органдары комитетін басқарған.

Осылайша Құрылтайдың жаңа басшылығы партиялық және гендерлік тұрғыдан біркелкі емес құраммен жасақталды. Төраға мен үш вице-спикердің арасында әртүрлі саяси күштердің өкілдері бар, ал басшылық құрамда әйел депутаттар да қамтылды.

Бір палаталы Парламнет - сегіз тұрақты комитет

Алғашқы сессияда Құрылтайдың сегіз тұрақты комитеті құрылып, олардың құрамдары бекітілді. Бұл комитеттер:

  • Аграрлық мәселелер, экология және табиғи ресурстар ;
  • Әлеуметтік-мәдени даму;
  • Конституциялық заңнама, сот жүйесі және құқық қорғау органдары;
  • Қаржы және бюджет;
  • Өңірлік және инфрақұрылымдық даму;
  • Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік;
  • Цифрландыру, инновациялар және ғылым;
  • Экономикалық саясат, өнеркәсіп және энергетика бағыттарын қамтиды.

Осы тұрақты комитеттердің басшылары да сайланды.

Құрылтай
Фото: Солтан Жексенбеков/ Kazinform

Аграрлық мәселелер, экология және табиғи ресурстар комитетінің төрағасы қызметін «Ауыл» партиясы төрағасының бірінші орынбасары, бұрынғы ауыл шаруашылығы вице-министрі Серік Егізбаев атқаратын болды.

Әлеуметтік-мәдени даму комитетін «Әділет» партиясының депутаты, бұрынғы Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов басқарады.

Конституциялық заңнама, сот жүйесі және құқық қорғау органдары комитетінің төрағасы болып «Әділет» партиясының депутаты Үнзила Шапақ сайланды. Ол 2023-2026 жылдары Amanat партиясынан Мәжіліс депутаты болған.

Қаржы және бюджет комитетін «Әділет» партиясының өкілі Ольга Перепечина басқарады. Ол бұған дейін Сенаттың Бюджет комитетінің төрағасы әрі Сенат вице-спикері қызметтерін атқарған.

Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің төрағасы болып «Әділет» партиясынан Марат Қожаев сайланды. Ол бұған дейін ішкі істер министрінің бірінші орынбасары, кейін Сенат депутаты болған.

Өңірлік және инфрақұрылымдық даму комитетін «Әділет» партиясының өкілі Әмірбек Оспанбеков басқарады. Ол бұған дейін Президент Кеңсесінде қызмет атқарып, Президенттің Парламенттегі өкілдігін басқарған.

Экономикалық саясат, өнеркәсіп және энергетика комитетінің төрағасы қызметіне «Әділет» партиясының өкілі Наталья Годунова келді. Ол бұған дейін Қазақстанның Жоғары аудиторлық палатасын басқарған.

Ал жаңа Цифрландыру комитетіне «Әділет» партиясының депутаты Дархан Ахмедиев төрағалық етеді. Ол бұған дейін цифрлық даму жөніндегі қорғаныс министрінің орынбасары қызметін атқарған.

Осылайша Құрылтайдың басқарушы құрамы – төраға, үш орынбасар және сегіз тұрақты комитет төрағасы – негізінен мемлекеттік басқару мен Парламент жүйесінде тәжірибесі бар кадрлардан жасақталды. Олардың бесеуі бұған дейін Мәжілісте, үшеуі Сенатта жұмыс істеген, ал төртеуі Парламенттен тыс мемлекеттік қызмет саласынан келген.

Бұл құрам жаңа Құрылтайдың бір жағынан бұрынғы Парламенттік тәжірибені сақтайтынын, екінші жағынан жаңа саяси институтқа сырттан келген басқарушылық тәжірибені де енгізіп отырғанын көрсетеді.

Жиын қорытындысы бойынша Экономикалық саясат комитетінің құрамы да бекітілді.

Қаржы және бюджет комитетіне кірген депутаттар да белгілі болды.

Аграрлық мәселелер, экология және табиғи ресурстар комитетінің құрамы жасақталды.

Өңірлік және инфрақұрылымдық даму комитетінің мүшелері сайланды.

Әлеуметтік-мәдени даму комитетіне кірген депутаттар да белгілі болды.

Цифрландыру комитетінің құрамына 15 депутат енді.

Конституциялық заңнама, сот жүйесі және құқық қорғау органдары комитетінің құрамы бекітілді.

Халықаралық істер және қауіпсіздік комитетінің мүшелері де белгілі болды.

Президент қандай міндет қойды?

Мемлекет басшысы бірінші шақырылымдағы Құрылтайдың алғашқы құрамына ерекше жауапкершілік жүктелетінін айтты. Президенттің сөзінше, жаңа заң шығарушы орган елдің саяси жүйесінде маңызды рөл атқаруға тиіс.

Президенттің Құрылтайдың алғашқы сессиясында сөйлеген сөзінің толық мәтіні
Фото: Ақорда

Қасым-Жомарт Тоқаев депутаттарға заңнаманы барлық сала бойынша мұқият саралау қажет екенін айтты. Бұл тапсырманың мәні жаңа Конституция негізінде қалыптасқан мемлекеттік жүйеге заңнаманы бейімдеу қажеттілігімен байланысты. Құжаттардағы құқықтық қайшылықтар мен олқылықтарды анықтап, заңдардың сапасын арттыру маңызды.

Президент депутаттарға ел аманатына адал болу қажет екенін де атап өтті. Бұл ретте Құрылтай мүшелерінің негізгі міндеті халықтың мүддесін қорғау және елдің дамуына қажетті заңнамалық шешімдер қабылдау екенін меңзеді.

Заң шығару процесі цифрланады

Құрылтай жұмысының тиімділігін арттыру үшін цифрлық құралдарды пайдалану мәселесі де көтерілді. Президент «E-Parliament» жүйесін Құрылтай қызметіне тезірек бейімдеуді тапсырды. Мұндай жүйе депутаттардың жұмысын жеделдетіп, заң жобаларын қарау процесін цифрландыруға мүмкіндік береді.

Бұл бастама заң шығару процесінің ашықтығын арттырумен қатар, заң жобаларын қабылдауға дейін олардың ықтимал салдарын талдауға мүмкіндік беретін тетіктерді жетілдіруге бағытталған.

Экономика мен инфрақұрылымға басымдық

Президенттің алғашқы сессиядағы сөзінде экономикалық мәселелерге де айрықша орын берілді. Қазақстанда өндіріс пен инфрақұрылымды дамытуға бағытталған ауқымды жобалар іске асырылып жатыр. Мұндай жұмыстарды жалғастыру үшін қомақты инвестиция қажет.

Бұл Құрылтайдың экономикалық саясат саласындағы күн тәртібін де айқындайды. Депутаттар инвестициялық ахуалды жақсартуға, өндірісті дамытуға, өңірлердегі инфрақұрылымды жаңғыртуға және экономикалық өсімге жағдай жасайтын заңнамалық шешімдер қабылдауға қатысуы керек.

Үкіметтің өкілеттігі доғарылды

Алғашқы сессияның маңызды саяси рәсімдерінің бірі – Үкіметтің жаңа сайланған Құрылтай алдында өкілеттігін доғаруы болды.

Ел аманатына адал болу – парыз: Президент Құрылтайдың алғашқы сессиясында не айтты
Фото: Ақорда

Мемлекет басшысы Үкіметтің өкілеттігін доғаруына байланысты тиісті Жарлыққа қол қойды. Қолданыстағы тәртіп бойынша жаңа Үкімет жасақталғанға дейін қазіргі Үкімет өз міндеттерін атқара береді.

Бұл рәсім жаңа саяси циклдің басталғанын білдіреді. Ендігі кезеңде атқарушы биліктің жаңа құрамын қалыптастыру мәселесі күн тәртібіне шығады.

Балалардың әлеуметтік желідегі қауіпсіздігі

Алғашқы сессияда әлеуметтік мәселелер де назардан тыс қалған жоқ. Президент балалардың әлеуметтік желілерге тіркелуіне жас шектеуін енгізу бастамасын қолдады.

Түркияда 16 жасқа толмағандарға әлеуметтік желіні пайдалануға тыйым салынды
Фото: NTV

Мемлекет басшысының пікірінше, балаларды цифрлық кеңістіктегі зиянды контенттен және басқа да қауіптерден қорғау үшін тиісті шаралар қабылдау қажет.

Бұл мәселенің Құрылтайдың алғашқы сессиясында көтерілуі жаңа органның күн тәртібі әлеуметтік саясат пен қоғамдағы жаңа сын-қатерлерді де қамтитынын көрсетті.

Халық кеңесі де жасақталады

Жаңа саяси жүйедегі маңызды институттардың бірі – Халық кеңесі. Президент оның қашан жасақталатыны туралы да айтты.

Халық кеңесінің құрылуы қоғам мен мемлекеттік институттар арасындағы байланысты күшейтуге бағытталған тетіктердің бірі болмақ. Осы арқылы азаматтық қоғамның ұсыныстарын мемлекеттік шешімдерге жеткізудің жаңа арналары қалыптасуы мүмкін.

Алда ауқымды жұмыс тұр

Құрылтайдың алғашқы сессиясында жаңа органның негізгі құрылымы қалыптасты: төраға мен оның орынбасарлары сайланды, тұрақты комитеттер жасақталды, олардың бағыттары айқындалды. Сонымен бірге Президент депутаттарға заңнаманы қайта қарау, цифрлық мүмкіндіктерді пайдалану, экономикалық және әлеуметтік мәселелерді шешуге қатысу жөнінде бірқатар міндет жүктеді.

Құрылтай төрағасы Айбек Дәдебай да жаңа органның алдында ауқымды жұмыс тұрғанын атап өтті.

Ел аманатына адал болу – парыз: Президент Құрылтайдың алғашқы сессиясында не айтты
Фото: Ақорда

ҚР Прeзидeнті жaнындaғы Мeмлeкeттік бaсқaру aкaдeмиясының Элeктoрaлдық oқыту oртaлығының бaсшысы Aйгeрім Aбилoвa жaңa Кoнституция жaғдaйындa элeктoрaлдық мәдeниeтті дaмыту – сaйлaу үдeрісін жeтілдірумeн ғaнa шeктeлмeйтін міндeт деп есептейді.

- Бұл – өкілді биліктің кәсіби дeңгeйін көтeрудің, қoғaм мeн мeмлeкeт aрaсындaғы сeнімді бeкeмдeудің мaңызды шaрты. Пaртиялaр ұсынaтын үміткeрлeрдің біліктілігі, кaндидaттaрдың жaуaпкeршілігі жәнe сaйлaушылaрдың сaнaлы тaңдaуы түптeп кeлгeндe eлдің eртeңінe әсeр eтeді. Өйткeні сaйлaу нәтижeсіндe қaлыптaсқaн Құрылтaйдың кәсіби әлeуeті қaбылдaнaтын зaңдaрдың мaзмұнынa, aл сoл зaңдaрдың пәрмeнділігі мeмлeкeттік бaсқaрудың тиімділігінe ықпaл eтeді, - дейді сарапшы.

Ендігі кезеңде Құрылтайдың жұмысы нақты заңнамалық шешімдер арқылы бағаланады. Жаңа Конституцияға сәйкес заңдарды қайта қарау, мемлекеттік институттардың өзара іс-қимылын реттеу, экономикалық және әлеуметтік реформаларды заңнамалық тұрғыдан қамтамасыз ету – алғашқы шақырылымның негізгі міндеттерінің қатарында.

Сондықтан бүгінгі сессияны жаңа саяси жүйенің институционалдық тұрғыдан іске қосылған күні деуге болады. Құрылтайдың алғашқы құрамы енді тек өз мандатын орындап қана қоймай, жаңа заң шығарушы органның жұмыс мәдениетін, заң шығару сапасын және қоғаммен байланыс стандарттарын қалыптастырады.