Құрылтай — 2026: сайлау хроникасы

АСТАНА. KAZINFORM — Елімізде тарихи Құрылтай сайлауы басталды. Онда 145 депутаттық мандатқа «Әділет», ЖСДП, «Байтақ», ҚХП, «Ауыл» партиясы, «Ақ жол» және Respublica — барлығы 7 партиядан 545 кандидат тіркелген. Kazinform агенттігі оқырман назарына жылдың басты саяси додасынан мәтін трансляциясынан ұсынады.

Коллаж: Kazinform

06:00 — Қостанайдағы ҚР Ұлттық ұланының 6697 әскери бөлімінде орналасқан № 27 сайлау учаскесінде 300-ден астам әскери қызметші дауыс беруді бастады. Учаскедегі сайлаушылардың 40 пайыздан астамы алғаш рет дауыс берді.

05:00 — Сингапур, Индонезия және Вьетнамда Құрылтай сайлауына дауыс беру басталды.

04:00 — Малайзиядағы сайлау учаскесі өз жұмысын бастады.

04:00 — Қытайда Құрылтай сайлауына арналған учаскелер жұмысын салтанатты түрде бастады.

Сайлау учаскелері Қазақстанның Бейжіңдегі елшілігінде, сондай-ақ Шанхай, Сиань және Гонконгтағы ҚР бас консулдықтарында ашылды.

03:00 — Сеул (Оңтүстік Корея) мен Токиода (Жапония) сайлау учаскелері ашылды.

Сеулдегі сайлау учаскесінде алғашқылардың бірі болып Корея университетінің студенті Ажар Кәрімжанова өз таңдауын жасады.

— Мен Кореяда үш жылдан бері тұрып, қазіргі уақытта Корея университетінде білім алып жүрмін. Қазақстан Республикасының азаматы ретінде еліміздің болашағына қатысты маңызды қоғамдық-саяси үдерістерден тыс қалмауға және өз үлесімді қосуға тырысамын, — деді Ажар Кәрімжанова.

Ал Токиодағы сайлау учаскесінде алғашқылардың бірі болып отандасымыз Әлішер Әзімбаев дауыс берді. Ол қазақ қоғамындағы әділеттілік, заңдылық пен даналықтың символы — би бейнесінде келді.

Еске салсақ, биыл 1 шілдеде Мемлекет басшысы «Қазақстан Республикасы Құрылтайының сайлауын тағайындау туралы» Жарлыққа қол қойды

ҚР Орталық сайлау комиссиясы Құрылтай сайлауына қатысатын 7 саяси партияның тізімдерін тіркеді. 145 депутаттық мандатқа 545 кандидат үміткер болып отыр.